Бәрі де аздан басталады

596

0

Осылай істейінші деген адамның қос қолына бір күрек табылатыны рас екен. Әйтпесе 20 жастан енді асқан жігіттің басына мұндай идея қайдан келді деп мен де таңғалғанмын. Оқыды, интернетті ақтарды, «бізден де шығарса» деген қызығушылық басым болды. Кісі өз сүйген кәсібін істесе, бір нәтиже шығары белгілі. Жаңақорғандық Бекзат бұл жұмысты осылай бастаған еді.

Аудан орталығында тұратын ол университет қабырғасында «Денешынықтыру пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Жақында диплом алған Бекзаттың қолы қалт еткенде қызықты жобаларға әуестенетіні бар. Соның бірі – күнделікті тұрмыста пайдаланатын дәретхана қағазы. Былтыр Қытай мемлекетінен қажетті құрылғыны алдырған еді. Өз ізденісімен құрылғының жұмыс істеу технологиясын да меңгерген. Ал биыл жұмысын біртіндеп бастап жатқан көрінеді.

– Былтыр мемлекет бағдарламасымен жеңілдетілген несие алдық. Құрылғы алуға сол ақшаны жараттым. Ал шағын цехты есік алдына қаржыға тұрғыздық. Өзге аймақтарда тұрмысқа қажетті дәретхана қағазын шығаратын цех жеткілікті. Біздің мақсат сол – өзімізден де мұндай керекті дүниені шығару. Өз ойым, ескі қағаз қалдықтарын аудан көлемінде жинап алып, арнайы аппаратпен қағазды өңдесек деймін. Өзіңіз көріп тұрғандай, біз өнімге қажетті қағазды үлкен бумасымен Шымкент қаласынан алдырамыз. Енді осы жоба бойынша қайтарымсыз грант ұтуға құжаттар дайындап жатырмын. Бәрі де кішкентай нәрседен басталады ғой. Ал дәретхана қағазын шығаратын цехты аз күннен соң толық іске қосамыз. Күніне оның 500 бумасын шығарамыз деген жоспарымыз бар, – дейді Бекзат Мейрамбек.

Естігеніміздей, бұл отбасы бұрыннан шағын кәсіппен айналысып келеді. Мысалы, анасы Шолпан жылыжаймен айналысып, қияр өсіруде. Ал тағы бір бауыры футболка мен ыдысқа түрлі жазу жазып, сурет басу арқылы тапсырыс қабылдайды.

– Жолдасымнан ертерек айырылдым. Жеті ұл-қызым бар. Осыларды жеткізу үшін қосымша кәсіп керек болды. Өзім ауруханада бас медбике болып жұмыс істесем де, балаларды ертерек еңбекке баулыдым. Ал мына Бекзаттың кәсібіне отбасымыз болып қолдау білдіріп отырмыз. Тіпті дәретхана қағазының сыртқы дизайнына дейін өзіміз ойластырғанбыз. Шыны керек, жақында әлеуметтік желіде осы өнімнің «Жаңақорған» деген атауына қатысты түрлі пікірлер болды. Біздің ойымыз атау арқылы өнімнің қай жерден шыққанын білсе деп едік. Ол ұсынысты да ескеріп, «Жаңақорғаннан шығарылған» деп өзгертпекшіміз, – дейді Шолпан Сүлейменова.

Ұл-қызын адал еңбекке баулып, отбасылық кәсіпті дөңгеленткен көпбалалы ананың титтей болса да тұрмысқа керекті дүние ұсынғанына біз де қуанып қайттық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<