Бәрі де бала үшін

752

0

Мемлекет басшысы 2022 жылды “Балалар жылы” деп жариялады. Бұл бағытта жүзеге асырылуы тиіс жұмыстардың жүйесі де айқындалды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова атаулы жылда атқарылатын жұмыстарды  таныстырды.

– “Балалар жылына” орай облыс көлемінде арнайы жоспар әзірленген. Оның аясында баланың денсаулығы, білім алуы, әлеуметтік жағдайы және қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз ету бағытында көп жұмыстар атқарылады. Соның бір дәлелі – балаларға арналған қосымша білім беру нысандары салынып, шығармашылығын дамыту мәселесі басты назарға алынды. Балалар жылында  мүдделі органдардың және ҮЕҰ  қолдауымен   жоспарланған іс-шараларды жүзеге асырамыз. Айта кетейік, бастапқыда 100-ден астам түрлі іс-шара қарастырылған болса, соның ішінен нақты 52 жоба таңдалды, – деді ол.

Басқарма басшысының баяндауынша, қаладағы №264 мектеп-лицейінің жанынан заманауи обсерватория ашылып, оқушылардың ғылыми зерттеулермен айналысуына жағдай жасалды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 150 орындық қосымша білім беру орталығы, Қармақшы ауданында 150 орындық тынығу лагері, Жалағаш ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі ашылады. Сондай-ақ, жыл ішінде 4 жаңа мектеп, 2 апатты жағдайдағы мектеп үшін жаңа ғимарат, 1 балабақша пайдалануға беріледі.

Осы жылы заманауи әдіспен жұмыс жасайтын жаңа аутизм орталығы жұмысын бастаса, инклюзивті білім беруді дамыту жұмыстары лайықты жалғасын табады. Атап айтқанда, биыл 47 балабақша мен 28 мектепте инклюзивті кабинеттер ашылып, арнайы мамандарға штат беріледі. Бұл орайда барлық мемлекеттік балабақшалар арнайы мамандармен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Ал, мектептердің 85%-і инклюзивті кабинетпен, арнайы мамандарымен қамтылатын болады. Осы ретте мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1030 балаға техникалық құрылғылар (планшет) табысталады. 

Биыл техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрлар даярлауға 1600 орынға қосымша  мемлекеттік тапсырыс  беріліп, 3108-ге дейін көбейтіледі. Сонымен бірге, Қызылорда қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан студенттердің қала ішіндегі қоғамдық көліктерде тегін жүруі үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Жалпы бес жылға арналған кең көлемді жоспар аясында білім саласына қатысты интернаттарға жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін биылға 88 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, меценаттардың көмегімен 8 мектепте жаңадан спорт алаңы салынады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, денсаулық, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау саласы бойынша көптеген жұмыс қолға алынған. Айталық, көпбейінді балалар ауруханасында “Қамқорлық” корпоративтік қоры қаржыландыратын 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Ал, “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, сауда орталықтарынан  целиакия, қант диабеті және т.б. арнайы тамақтану тәртібін сақтауды қажет ететін диагнозы бар балалар үшін “Денсаулық бұрыштарын”   ашу жоспарлануда.  

Ерекше қолдауды қажет ететін балаларды оңалту шараларымен қамтамасыз ету үшін 3 жобаны қаржыландыру жалғасады. Олар – иппотерапия, аудан орталықтарында күндізгі станционар жағдайында ақысыз қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастыру. Бұдан бөлек, барлық мүдделі органдар, ҮЕҰ қатысуымен “Мейірімділік керуені” атты қайырымдылық іс-шараларын жыл бойы өткізу жоспарланған. Оның аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қала ішіндегі “Еуразия” және “Мұз айдыны” спорт кешенінің тегін абонементтерімен қамтамасыз ету, мектеп оқушыларының каникул күндері облыс музейлеріне тегін кіруі қолға алынып отыр.

“Балалар жылында” өңірлік БАҚ пен әлеуметтік желілерде арнайы айдарлар ашылып, ақпараттандыру, медиа-жоспар аясында  жұмыстарды үйлестіру қолға алынады. Жылды қорытындылау барысында үздік шаралар, жобалар, белсенді қатысушылардың еңбегі бағаланбақ.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<