«Бәріміз бірге тұратын үлкен үй салар едім»

1268

0

Жалпы баламен сөйлескен, оларды әңгімеге тартқан жаныңа шуақ сыйлайды. Ұмыт болған армандарыңды еске түсіреді. Олардың кіршіксіз таза әлеміне бойлай отырып көптен бері қиял қанатында қалықтап ұшпағаныңды аңғарасың.  Балаларды қорғау күнінде баламен сұхбаттас­тық. Кейіпкеріміз қаламыздың кішкентай тұрғыны − Қазынагүл Ғалымжанқызы. Бүлдіршін  С.Сейфуллин атындағы №4 IT мектеп-лицейінің 1-«Б» сыныбын бітірді. Бос уақытында сурет салып, би үйір­месіне қатысады. Отбасында өзінен бөлек үш сіңлісі бар. Әкесі Ғалымжан мұнай саласында еңбек етіп жүр. Анасы Ақерке бала күтімімен үйде.

− Қазынагүл, мектеп ұнады ма? Оқу жылын қалай аяқтадың?

− Мектеп күшті екен. Маған қатты ұнады. Жазуды, оқуды, есептеуді үйреніп алдым.

− Ең сүйікті оқулығың қандай?

− «Ана тілі» және «Математика». Екі кітапты күшті оқимын.

«Бәріміз бірге тұратын үлкен үй салар едім»

− Мектептен көп достар тапқан шығарсың?

− Иә.

− Достарың кім?

− Айкен, Мерей, Аделья, Айша, Жазира, Арслан, Айдын.

− Жақсы дос қандай болу керек?

− Мейірімді, адал болуы ­керек.

− Ең сүйікті ойының қандай?

−  Қатырмашақ.

− Оны қалай ойнайды?

− Секіріп ойнайды. Үш адам қатысу керек.

«Бәріміз бірге тұратын үлкен үй салар едім»

− Неден қорқасың?

−Жазу жазғанда қобалжимын. Сурет салғанда қисық салып қоямын ба деп қорқамын.

− Қандай мереке  ұнайды?

− Наурыз мерекесі.

− Ол мереке несімен ­ұнайды?

− Наурызкөже ішеміз.

− Саған жылдың қай мезгілі ұнайды?

− Қыс мезгілі ұнайды. Аппақ қар жауады, шанамен сыр­ғанаймыз.

− Қайда саяхаттағың ­келеді?

− Алматыға.

− Ол қала саған несімен ұнады?

− Барлық жер жап-жасыл.

− Қандай уақытта кө­ңіл-күйің болмай қалады?

− Азанда анам ерте оятады. Сол кезде көңіл-күйім ­болмайды.

«Бәріміз бірге тұратын үлкен үй салар едім»

− Бос уақытыңды қалай өткізесің?

− Анаммен бірге сабақ оқимын. Бауырларыммен ойнаймын.

− Бір күн бойы әкең қасыңда болады десе, уақытты қалай өткізгенді қалайсың?

− Әкеме ойыншықтарды, үйді жинауға көмектесемін.

«Бәріміз бірге тұратын үлкен үй салар едім»

− Саған жаратуға көп ақша берсе, оған не сатып алар едің?

− Анама әдемі көйлек алып беремін.

− Өнертапқыш болсаң, қандай дүние ойлап табар едің?

− Сурет салар едім.

«Бәріміз бірге тұратын үлкен үй салар едім»

− Өскенде жазушы болсаң, алғашқы кітабың не туралы болады?

− Өте қызық кітап болады. «Төрт қыздың қызықтары» деп бауырларыммен өткен қызықты сәттерімді жазамын.

− Өскенде құрылысшы болсаң, бірінші кімге үй салып берер едің?

− Ең бірінші бәріміз бірге тұратын үлкен үй салар едім.

−  Сенің арманың қандай?

− Менің арманым сің­лі­лерім бақытты болса екен.

«Бәріміз бірге тұратын үлкен үй салар едім»

− Өскенде кім болғың келеді?

− Дизайнер.

− Дизайнер болсаң ал­ғаш­қы киіміңді кімге арнап тігер едің?

− Сізге!

− Рахмет!

Сұхбаттасқан

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<