Облыстық білім басқармасы мен білім кәсіподағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары арасында тоғызқұмалақ, шахмат және үстел теннисінен жарыс өткізді.
«Ұстаздар күніне» орай ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы кәсіптік білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Нұргүл Өтегенова жарысқа қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі.
Дода бастала салысымен спортты жанына серік еткен 14 команда жарыс көрігін қыздырды.
Тоғызқұмалақтан І орынды Сырдария аграрлы-техникалық колледжі қанжығасына байлады. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі ІІ орынға табан тіресе, И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғары колледжі ІІІ орынды қанағат тұтты.
Ал шахматта ойын басқаша өрбіді. Мұнда академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі үздік атанып, көш басынан көрінді. Ал Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі ІІ орынды місе тұтты. И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғары колледжі мұнда да мықтылық танытып, үздік үштікті түйіндеді.
Үстел теннисі де тартысқа толы болды. Сайыс қорытындысы бойынша мұнда И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғары колледжі ұжымы үздік атанды. ІІ орынды Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі командасы иеленсе, ІІІ орынға Қызылорда медициналық жоғары колледжінің ұстаздары лайық деп танылды.
Жеңімпаздарға диплом мен кубок табыс етілді. Ұстаздар 2023 жылы өтететін республикалық спартакиадаға жолдама алды.
Орайы келгенде айта кетейік, білім саласы қызметкерлерінің арасында мұндай жарыс ел көлемінде жылына бір рет өтіп тұрады. Мәселен, биыл маусым айында Түркістан қаласында спартакиада өтіп, еліміздің барлық аймағынан 18 команда бақ сынаған бәсі жоғары бәсекеде Қызылорда облысы ұстаздарының құрамасы командалық есепте жүлделі ІІ орынды иеленді.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<