Баға тұрақтылығы бақылауда

1038

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы “Анвар”, “Қызылорда”, “SMALL”  әлеуметтік сауда үйлерінде болып, баға тұрақтылығын бағамдады. Сонымен бірге сауда нысанындағы санитарлық талаптардың орындалуын көрді.

Алдымен, аймақ басшысы “Анвар” сауда үйінің жұмысымен танысты. Сау­да үйінің сөресінде 8000 тауар түрі бар және тұтынушыларға арналған 5 касса жұмыс істейді. Оның ішінде 1 касса мүгедек жандарға арналған.

– Бүгінде бізде  әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар арнайы бекітілген бағамен сатылады. Оның ішінде күнделікті қолданылатын күріш, макарон, ұн, қант өнімдері бар. Барлық өнім жеткілікті әрі қолжетімді. Сақтық шаралары да толығымен сақталуда, – дейді сауда үйі директорының орынбасары Гүлнұр Қуаныш.

Осы ретте қала әкімі облыс басшысына халық үшін маңызды әлеуметтік тауар­лардың межелі бағасы респуб­ликалық баға талаптарына сәйкес екенін жеткізді.

Облыс әкімі мұнан кейін “Қызылорда оптомаркет” сауда желісінде болды. Сауда үйінің сөресінде 10 000 тауар түрі бар. Тұтынушыларға арналған 9 касса жұмыс жасайды. Бүгінде сауда желісінің қаладағы 5 филиалы 115 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, халыққа қызмет көрсетеді.

Оптомаркетті аралау барысында облыс әкімі сау­да желісінің басшысына күнделікті қолданыстағы азық-түлік өнімдері тапшылығының туындамауы керектігін атап өтті. Сондай-ақ, қажетті қорды жасақтау міндетін қойды.

Үшінші нысан – қаладағы ірі желі SMALL сауда үйі. Мұнда да халықтың күнделікті қолданатын азық-түлік баға­лары назарға алынды.

 «SMALL» сауда үйінің қала бойынша 5 филиалы бар. 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сауда үйін аралау кезін­де облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі мен Қызылорда қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшы­сының орынбасарына ашық базарларда санитарлық нор­малардың сақталуын қадағалап, тұрғындардың бетперде ре­жимін сақтауын бақылауға алуды тапсырды. Халық жиі шоғырланатын сауда нысандарында дезинфекциялық шаралар қарқынды жүруі тиіс.  Сонымен бірге, азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстап, қажетті қорды алдын ала жасақтау қажет.

– Өздеріңіз білетіндей, өңірде карантин шаралары кезең-кезеңімен жеңіл­детілуде. Осыған сәйкес, Қызылорда қаласында бірқатар жұмыстар жасалды. Соның бірі – мобильдік топтар құрылып, кәсіпкерлік нысандар мен сауда орындарына зерделеу жұмыстарының жүргізілуі. Нәтижесінде сауда үйлерінің карантиндік талаптарды толық орындап жатқанын көрдік. Дегенмен, ашық базарлардағы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау әркез пысықталып тұруы қажет. Ол бойынша да алдағы уақытта жұмыстар жалғасатын болады, – дейді қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Сыздықова.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<