Бағаны көтермесек, биыл 850 мың тонна дизель тапшылығы болатын еді – Әлихан Смайылов

1391

0

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Анненск» шахтасында кеншілермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүздесу барсында жұмыскерлер Үкімет басшысына жанар-жағармай бағасын көтермей, мәселені неге өзге жолмен шешпегенін сұрады. Бұған жауап берген Әлихан Смайылов мұндай шешім шет елге кетіп жатқан дизель отынын шектеу мақсатында қабылданғанын айтты.

Бағаны көтермесек, биыл 850 мың тонна дизель тапшылығы болатын еді – Әлихан Смайылов

«Бұл расында да проблема болып тұр. Мысалы, қазір бір литр дизель отыны 230-260 теңге болса, Ресейде ол 45%-ға жоғары. Өзбекстанда тіпті екі есе қымбат. Қырғызстанда 64%-ға жоғары бізге қарғанда. Транзиттік көлік сол жанар-жағармайдың бәрін шығарып жатыр. Біз шекараға тыйым салғанбыз. Теміржол және бензовоздармен шығара алмайды. Оны тек қана транзиттік автокөлікпен және жеке тұлғалар канистралармен тасиды. Транзиттік көлікті тоқтатуға мүмкіндік жоқ. Енді тек бір мәселе – ол бағаны бір-біріне жақындату. Сәйкестендіру болмаса да, шамамен бағаны жақындату қажет. Сонда сыртқа шығарылатын мотивация төмендейді», – деп түсіндірді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, елімізде өндірілетін дизель отыны ішкі нарықтың сұранысын толық жабуға жетеді.

«Біз өзімізді толық қамтып отырмыз. Жылына 5,2 млн тонна дизель отынын шығарамыз. Ішкі қажеттілік 4,5 млн тонна. Қалғаны шетке кетіп жатыр. Егер осыны жасамақ, онда биыл 850 мың дизель отынының тапшылығына ұрынатын едік. Біз сол проблемаға жеткізбес үшін мәжбүр болып отырмыз», – деп түйіндеді Премьер-Министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<