Өткен аптаның соңында аймақ тілшілері Шиеліде болды. Ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» негізінде қолға алынған бірнеше нысанның құрылысын көріп, бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – жұмыссыздар санын азайту.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл бағдарламаның елге берері көп болып тұр. Бір ғана мысал, облысқа бөлінген 37 млрд теңге қаржының бір бөлігі Шиелі ауданына да тиесілі. Ауданға келген қаржы 3 млрд теңгеден асады. Осының арқасында 21 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде жүздеген тұрғынға жұмыс табылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылатын болады. Мысалы, бағдарлама шеңберінде Жиделіарық ауылына клуб салу, Төңкеріс ауылындағы №158 орта мектепті ағымдағы жөндеу, М.Шоқай аллеясын абаттандыру, аудандық тарихи-өлкетану ғимаратының қосымша құрылысы, ауданды абаттандыру, көшелерді орташа жөндеу мен жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу сияқты өзекті мәселелер биыл шешімін табады.
Қалқымалы көпір қалпына келеді
Жоғарыда айтқандай, бағдарлама аясында Шиеліде әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін және инженерлік-көлік инфрақұрылымдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жобалар бойынша жаңадан құрылатын жұмыс орны 751, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 378 адамға жолдама берілген.
Қуаныштысы, биыл Жөлек пен Жуантөбе елді мекенін байланыстырар қалқымалы көпір қайта жөнделуде. Жоба бойынша мердігер – «Мұнайқұрылыс» көпсалалы құрылыс фирмасы» ЖШС. Қазір жұмыстарды қосалқы мердігер «Шиелі-Жолшы» ЖШС атқаруда.
– Ауылда аталған бағдарламамен екі жоба іске асып жатыр. Бірі – осы қалқымалы көпірді қайта қалпына келтіру болса, екіншісі – ауылға кіреберістегі құны 16 млн теңгеге бағаланған көпір құрылысы. Бүгінде көпір бітті. Ал мына 117 млн теңгеге бағаланған қалқымалы көпірдің жұмыстары таяу арада аяқталады. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы мұнда біздің ауылдан 13 адам жұмысқа тұрды, – дейді Жөлек ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Аңсар Мұсабаев.
Айта кету керек, бұрынғы көпір ескіріп, темір қайықтардың көбісі тесіліп, жарамсыз болған. 30 жылдан кейін қайта жаңғыртылған қалқымалы көпір дарияның арғы бетіндегі Жуантөбе ауылындағы мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға өте тиімді.
…Аспалы көпір ше?
Бағдарлама аясында аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі арқылы жүргізілетін бес жоба бойынша келісім-шарт жасалған. Соның бірі – «Шиелі-20 бекет» учаскесінің 2945 шақырымындағы темір жол арқылы автокөлік өтетін көпір салу» жобасы. Құрылысқа жауапты мердігер – «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС. Шиелі тұрғындарын талай жылдан толғандырған осы мәселе еді. Бұл құрылыс басталып, жұмыс қарқыны едәуір күш алғанын байқадық.
– Аспалы көпір құрылысы 6 маусымда басталды. Жобаға 647 млн теңге қаржы бөлінген. Көпірдің ұзындығы 70 метр, ені 9 метр болады. Екі жағынан тұрғындар өтетін жол да салынады. Екі жолақты көпірдің биіктігін рельс бетінен 8 метрге дейін көтереміз. Екі жақтан да келетін көліктердің қозғалысына ыңғайлы жол қарастырылған, – дейді құрылыс бастығы Нұрбол Ұлықбеков.
Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, аспалы көпір желтоқсанға дейін пайдалануға беріледі. Бүгінде құрылыс басында негізгі мамандардан бөлек, жергілікті тұрғындардан 40-тан астам адам жұмысқа тартылған.
Жиделіарықтың мәдениет үйі
Жиделіарық ауылында жаңа клубтың құрылысы басталды. Қазір құрылыс-монтаж, жер қазу, орналастыру, нысанды қоршау жұмыстары жүргізіліпті. Іргетасын қалап, қабырғасын көтеретін күн жақын. Жоба бойынша жергілікті жерден 14 адам жұмысқа алынған.
– 2017 жылы жоба-сметалық құжаттары дайындалған. Қазір 0,6 гектар белгіленген жерде құрылыс компаниясы жұмысын бастап кетті. Клубта үлкен көрермен залынан бөлек, кітапхана, сондай-ақ ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін шаштараз, тігін шеберханасы сияқты орындар ашылады. Мердігер компанияның айтуынша, клуб жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – дейді клуб меңгерушісі Рахат Қалыкөзов.
Клуб құрылысын «ДаренСтройСервис» ЖШС жүргізеді. Жобаның жалпы құны 180 млн теңгеге жуықтайды.
Иә, барлық қаралған жобалар біртіндеп іске асып жатыр. Шиелідегі Байсын ауылына газ желілері тартылып, кенттегі Бұқарбай жырау көшесінде стритбол және спорт алаңы салынуда. Сондай-ақ, Сұлутөбе ауылдық огругіне қарасты М.Шоқай аллеясын абаттандыру жұмыстары аяқталып қалған. Аудан орталығындағы №1 «Аққайың» бөбекжайы мен Ә.Қоңыратбаев атындағы №48 мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтуде. Бағдарлама арқасында жұмыссыздыққа тосқауыл болар мұндай мысал жеткілікті.
Мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде Шиеліде тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздық деңгейін барынша төмендету қарқыны байқалады. Сонымен бірге мемлекет тарапынан бөлінген қаржының уақытылы игерілуі, әлеуметтік нысандарда жасалып жатқан жұмыстардың сапасы мен белгіленген уақытта халық игілігіне берілуін бақылау құзырлы орындардың басты назарында болса дейміз.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
Шиелі ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<