Бағыты айқын басылым

979

0

Ақпаратты қаз қалпында, еш бүкпесіз оқырмандарға жеткізіп жүрген республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетіне – 22 жыл. Басылымның ең алғашқы саны 2000 жылы 21 шілдеде жарыққа шықты. Бүгінде Нұржан Нұрмағанбетов басшылық етіп отырған ұжым  оқырман санын көбейтіп, өзіндік талғамымен ерекшеленіп келеді.

Алғашқы  жылдары 1700 данамен жарыққа шыққан газеттің таралымы қазір – 5050. Аптасына бір рет оқырманға жол тартады. Өзекті тақырыптарды өзгеше қырынан тарқатып жүрген газеттің бағыты айқын, айтары мол. Саясат өндіріс, егін, мал шаруашылығы, білім, денсаулық, спорт, мәдениет, сот, прокуратура, құқық қорғау жүйесі, т.б. сан алуан салаларға байланысты жазылған материалдар оның нағыз бұқаралық сипатта екенін дәлелдей түседі.

Газеттің негізін қалаған сол кездегі бас редактор Аманжол Сақыпұлы, бас редактордың орынбасары Нұрлан Көбегенұлы, бөлім меңгерушілері Айгүл Нұртайқызы, Елубай Әуезов, Сабырхан Сейілбекұлы, Дәуіржан Елубаев, Айжан Абдуллаева, беттеуші дизайнерлер Руслан Оңғарбаев, Гүлмира Нұрмаханова және суретші-көркемдеуші Зият Кәрібайұлы  белсенді  түрде  еңбек етті. Олардың бәрі басылым жарыққа шыққан күннен бастап халықпен тығыз байланыс орнату жолында аянбады.

Осынау жылдар ішінде редакция газет шығарумен ғана емес  жас журналистерді тәрбиелейтін ұстаханаға айналды. Осы кезге дейін газет табалдырығын аттап, редакция қазанында қайнаған жастар көп. Олардың қатарында Нұрбек Әмиша,  Назерке Саниязова, Ләззат Кемелбаева, Гүлжан Рахман, Нұрбай Шәкімбаев, Жазира Әшірбек, Гүлнұр Қаржаубаева, Жазира Бағлан, Мөлдір Қожахметова, Жансая Жүнісова, Гаухарай Есімова, Әйгерім Нажмадин, Құралай Жақсылық, Нұрбике Құдайбергенова, Қозы Көрпеш Жасаралұлы, Рыскелді Жахман және Бекзат Аманов бар. Ал қазір газеттің шығуына атсалысып, оқырманын шынайы ақпаратпен сусындатып жүрген жастардың қатарын Азамат Әбимолда, Ердәулет Қалиев және Оразкүл Темірғали толықтырды.

2012 жылы газеттің интернет-сайты ашылды. Кейін басылымның 20 жылдығында «Halyqline.кz» атауымен сайттың жаңаша нұсқасы іске қосылды. Әр жылдары қарымды қаламымен елге танылып жүрген ұжым журналистері оқырманның талап-тілегіне ерекше мән беріп, түрлі тақырыптағы мақалалармен қоғамның түйткілді мәселелерін қозғай білді.

– Халық –  үлкен ұғым, ұлы  атау, аталы жұртымыздың аруақты аты. Бұл басылымға «Халық» деген атау берудің өзінде үлкен сыр, ауыр жүк бар. «Халық» газетін қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жүргізілетін күрестің белгілі бір кезеңдегі жаршысы деуге болады. Газетіміздің бетінде елең еткізер жаңалықтар, ата тарихтан тың деректер үнемі беріліп тұрады. Міне, жиырма жылдан астам уақыттан бері халықтың арман-мақсатын қозғап келе жатқандықтан халықтың газетіне айналып, бұқараның көңілінен шығып келеміз, – дейді  бас редактор Н.Нұрмағанбетов.

Бүгінде газет ұжымында бас редактордың орынбасары Рыскелді Жахман, беттеуші дизайнер Айнұр Үмбетова, жас тілшілер Азамат Әбимолда, Ердәулет Қалиев және Оразкүл Темірғали басылымның мазмұнды шығуына үлес қосып келеді. Халықтың көңілінен шығу үшін басылым бетінде жарияланатын материалдардың тақырып аясы кең, мазмұны бай болуы керек. Бұл тұрғыда аталған ұжым мүшелері жанрлық жан-жақтылықты жақсы меңгерген. Кез келген құбылысты, оқиғаны оқырманға жедел және қарапайым тілмен жеткізеді. Немқұрайлыққа жол бермейтін газеттің алар асуы әлі де алда деп білеміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<