Жаратқанның пәрменінің алдында жұмырбасты пенденің қолынан не келсін?! Ардақты жанды ажалға қимасақ та, тағдырға мойынсұнамыз. Бабаларымыз айтып кеткен, қамшының сабындай келте ғұмырда кімнің қанша өмір сүрері, дәм-тұзының қашан таусылары бір Аллаға ғана аян.
Еліміздегі байланыс саласының өркендеуіне зор үлес қосқан Қаршыға Егіншібаев – тынымсыз тірлік пен қажыр-қайратты ұштастыра білген тұлға еді. Сырдың абзал азаматы биылғы шілдеде қайтпас сапарға аттанды.
Қаршыға Күзембайұлы 1947 жылдың 1 қарашасы күні дүниеге келген. Ғибратты ғұмыр кешкен ол ел-жұртының есінде байланыс саласына еңбек сіңірген жан ретінде қалды. Өз ісінің майталманы, талай келелі істің үйлестірушісі болды. Өз дәуірінің қиындығын сезініп, еңбекке ерте араласып, маңдай тердің қадірін ұғынған ол жауапкершілік жүгін арқалауға тайсалмайтын. Отан алдындағы үшжылдық борышын өтеп келісімен ауыл тірлігіне белсене араласты.
Қ.Егіншібаев еңбек жолын туған жері Арал ауданы, Қамбаш елді мекендегі байланыс торабында оператор болып бастады. Алматы қаласындағы байланыс техникумын үздік бітірген жас маман ұжымда еңбекқорлығымен, белсенділігімен көзге түсіп, басшылықтың қолдауымен бөлімше бастығы қызметіне дейін көтерілді. Ал 1983 жылы Арал аудандық байланыс торабы бастығының орынбасары болып тағайындалады. 24 жасында басшылық қызметке келген соң жоғары оқу орнында білім алуды ойлап, Алматы қаласындағы Экономика және басқару академиясы – Еуразия нарық институтында оқып, экономист мамандығын алып шығады.
Ол ұзақ жылдар бойы «Евразия-пресс» мекемесін басқарды. 1990 жылдың басындағы жағдай баршаға белгілі. Еліміз нарықтық жүйеге көшкен соң жоспарлы экономика күйреп, ақыры Кеңес Одағы ыдырап тынды. Ал жұртшылық нарық заңын бірден түсіне қойған жоқ. Ол облыс орталығында алғашқылардың бірі болып «Қызылорда Евразия-пресс» ЖШС-ін құрып, директоры болды. Серіктестіктің негізгі жұмысы – аймақ тұрғындарын мерзімді баспасөзге жаздыру және тарату. Ол өзінің басқаруындағы мекеме жұмысын бір жүйеге түсіріп, халыққа республикалық, облыстық және аудандық ресми газеттерден басқа халықаралық журналдарды жаздырып, оқырманға уақытылы жеткізу ісіне басшылық жасады. Сонымен қатар, республикалық «Ел тілегі» газеті мен «Жарасымды жанұя» журналының құрылтайшысы болды. Замандастары ортасында баспасөздің шебер ұйымдастырушысы атанды. Осындай сан салалы қызметте жүрсе де өзінің қарапайымдылығынан бір танбады. Отбасында көрген тәрбие мен өнегелі ісі қадірін арттырды, абырой әперді. Адалдықтың ақ туын нық ұстап, сенімін серік еткен қайсар тұлғаға өмірдің суығына сабыр етіп, ыстығынан ысылып шығуға күш берген де адал еңбек пен көптің тілегі десек, артық емес.
Бар күш-жігерін жұмсаған салада еңбегі ескерілмей қалмады. Қаршыға Егіншібаев «ҚР Үздік байланысшысы» медалімен, ТМД мемлекеттерінің «Кедендік Одақ елдерінің құрметті азаматы» белгісімен, сондай-ақ, «Қазақстан экономикасының жұлдызды даңқ» орденімен марапатталды. Абырой биігінде жүріп, өзінің мақсат-мұратын, алға қойған талап-ниетін әсте ұмытпады. Замандастарының арасында сол болмысымен қадірлі еді. Сертіне адал, уәдеге берік жан бір басына жетерлік жетістік мен беделге ие болды.
Өзінің иірімді ойлары, терең қабілеті, кемел сөзімен ел-жұрттың назарын аудара алатын Сыр елінің айтулы ақсақалына айналды. Қандай мәселе болмасын шешендердің сарқытындай салиқалы шешімін айтып, ел сүйіспеншілігіне бөленуші еді.
Қазақта «Ердің қосағы оңбай, қосы түзелмейді» деген даналық сөз бар. Қаршыға Күзембайұлының абыройын асырып, тілеуін тілеген жары да бақ-берекенің ұйтқысына айналған. Аралкүл анамыз өмір бойы жарына тілекші болып, қалаған ісімен алаңсыз айналысуға бар жағдайды жасай білді. Үйдегі тірлікті өзі тындырып, бар жауапкершілікті өзіне алды. Ақылына ажары сай, пайымына парасаты астасқан жары жолдасының жүрген ортасында беделінің биік, мәртебесінің зор болуына күш салды. Абырой мен жақсылыққа кенелуіне үлкен үлес қосты. Әулеттің алтын қазығы болған Аралкүл анамыз да жолдасы Қаршығаның ізінен кете барды. Бұл да Алланың ісі шығар…
Елдің сенімі мен құрметіне бөленіп, абыроймен ғұмыр кешкен Қаршыға Егіншібаев пен жары Аралкүл Сартаева балаларына жақсы тәрбие беріп, қоғамға қосты. Олардан тараған 5 перзент бүгінде бір-бір отау иесі болып, әр салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Бұл – әкенің қаны мен тәрбиесі, ананың ақ сүті мен аялы алақанының жемісі.
Жанар ШҰҒЛАНОВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<