Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілі Тери Хакаланы қабылдады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа Одағымен арадағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға баса мән беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельге 10 қаңтардағы бейнебайланыс режимінде өткен кездесу барысында елімізді қолдап сөйлегені және ынтымақтастықты нығайтуға нық сенім білдіргені үшін ризашылығын айтып, сәлемін жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тери Хакаланың өтініші бойынша «қасіретті қаңтар» оқиғасы жөнінде айтып берді. Сондай-ақ Бас прокуратураға болған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын ашық әрі әділ жүргізу жөнінде тапсырма берілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы адам құқықтары мен бостандығының сақталуы еліміздегі барлық билік тармағы үшін басымдық саналатынына назар аударды.
Қазақстан Президенті саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға және әлеуметтік теңсіздікті сәйкестендіруге, ұлттық экономиканы әртараптандыруға бағытталған Жаңа экономикалық бағдарды іске асыру жоспары жөнінде мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағымен ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша тығыз байланыстарды дамытуға және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға ниетті екенін нақтылады.
Өз кезегінде Тери Хакала Брюссельдің Қазақстанмен арадағы байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Еуропалық дипломат Президентке мазмұнды әрі пайдалы пікір алмасқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Еуропа Одағы Президенттің саяси реформаларын толық қолдайтынын және еліміздің өркендеуіне, тұрақтылығына мүдделі екенін айтты.
Партияның Атқарушы хатшысын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Ораловты қабылдады.
Кездесу барысында Президент Nur Otan партиясын жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Партия төрағасының айтуынша, ел азаматтарының талап-тілектеріне толық жауап беруі үшін партияны жүйелі түрде қайта құру қажет. Сондай-ақ партия заманауи сын-қатерлерге төтеп беруге және жедел әрекет етуге тиіс.
Мемлекет басшысына партияның жұмысын қайта құру жоспары жөнінде мәлімет берілді. Асхат Ораловтың айтуынша, саяси ұйымның Орталық аппараты Мәжілістегі фракциямен бірлесе отырып, партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған жол карталарының жүзеге асырылуы бойынша жүйелі талдау жүргізіліп жатқанын баяндады.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы
Бүгін, 8 ақпанда Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді.
Бұл туралы Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында
«8 ақпанда Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Жиын барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп беріледі және Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылады» деп жазды.
Наурызда Үндеу жарияланбақ
Сондай-ақ Б.Уәли «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні өткен Мәжіліс отырысында азаматтық қоғаммен және сарапшылармен арадағы диалог негізінде саяси реформалардың жаңа топтамасы әзірленеді деп мәлімдеген болатын. Осыған байланысты Мемлекет басшысы наурыз айының ортасында халыққа Үндеу жариялауды жоспарлап отыр. Бұл үндеуде реформалардың негізгі бағыттары мен қоғамды саяси трансформациялауға бағытталған аса маңызды шаралар айқындалады» деп жазды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<