Байқоңыр ардагерлер ұйымы неге белсенді емес?

378

0

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Байқоңыр қалалық ардагерлер кеңесі ұйымының 2023 жылға атқарған жұмыстарымен танысу мақсатында арнайы барды. Онда қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің алқа мүшелерімен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жаңадан бастауыш ұйымын құрудағы ойларын ортаға салды.

Бұған дейін, нақтырақ айтқанда осы жылдың 25 мамырында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы бастамасымен алқа мүшелері арнайы барып, Байқоңыр қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің жұмысымен танысқан. Кемшіліктерді жолға қою жөнінде біраз сын-ескертпелер жасап, бір жағынан алқа мүшелері өз тәжірибелерімен бөліскен болатын. Енді осы берілген тапсырмалар төңірегінде алты ай уақыт ішінде қандай қорытынды шығарды, қандай нәтижелі істер атқарғаны жөнінде ұйымның жұмысын көріп-білу негізгі мақсат болатын.

Байқоңыр ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Үйрековтің сөзінен атқаруға тиісті жұмыстар мен сын-ескертпеден әлі де қорытынды шығарылмағаны байқалды.

Осыдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйледі.

– Біздің мақсатымыз – әрбір ұйымның жұмысын жақсартып, елді бірлік пен тірлікке, жастарды үлгі-өнегеге баулып, тәрбиеге шақыру. Қоғамдағы саяси іс-шараларға белсене араласып, өз ой-пікірімізді айтып, халық үшін жасалып жатқан жұмыстарға қолдау білдіру. Біз ауызбірлік пен тыныштықтың шырақшысы бола білуіміз керек. Сондықтан ұйым жұмысына жайбарақат қарауға болмайды. Жетекшілеріне өз ақыл-кеңесімізді беруге, айтуға,  жол көрсетуге, қолдау білдіруге әрдайым дайынбыз, – деді Серік Әбішұлы.

Байқоңыр қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің алқа мүшелері өз ой-пікір, ұсыныстарын білдірді. Жиын соңында алдағы атқарар істі көп болып қолға алуға келісті. Облыстық ардагерлер ұйымы атынан біршама тапсырмалар берілді. Жүздесу соңында Ақай ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы, ардагер ұстаз Дәріқұл Маханбетов «Қызылорда облысының Құрметті ардагері төсбелгісімен марапатталды.

К. ЕРІМБЕТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<