«Байқоңыр» кешені: 234 нысан Қазақстанға қайтарылмақ

374

0

Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің жауабында айтылғаны жөнінде кеше Қазақпарат хабарлады.

Үкімет басшысының жауабына қарағанда, 2022 жылғы 2 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 8-отырысының хаттамасын орындау аясында Ресей тарапы жалға алушылар құрамынан шығаруға ұсынылатын 234 объектінің тізбесін ұсынған. Олардың базасында 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, өндірістерді ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Премьер-министрдің атап өтуінше, ғарыш саласы инвестицияларды мемлекеттік қолдау аясында басым салаға жатқызылған. Үкіметтің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №13 қаулысымен бекітілген инвестициялық жобаларды іске асыру үшін басым қызмет түрлерінің тізбесіне ғарыш аппараттарын, жүйелерін өндіру, жөндеу, техникалық қызмет көрсету сияқты қызмет түрлері жатқызылған.

Сондай-ақ бұл ретте туризмді дамыту мақсатында 2023 жылғы қыркүйекте «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 9-отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру үшін тараптар оның базасында ғарыш техникасының үлгілері мен макеттерін орналастыра отырып, музей кешенін құру үшін «Гагаринский старт» 1-ші және 2-ші алаңын одан әрі пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлейді. «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешені нысандарының туристік тартымдылығын жақсарту үшін тур бағдарламасы әзірленген. Зымыран қозғалтқыштары, «Союз-5» зымыранының макеті, киіз үй орнатылып «Этноауыл» экспозициясы және тағы басқалары жасалған. Мұнан өзге «Байқоңыр» кешенінің «Крайний» әуеайлағының әуе кеңістігін пайдалану және кешенде тұрақты әуе қатынасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында мемлекеттік органдар мен аккредиттелген ұйымдардың келісімінде тұрған Келісімнің жобасы әзірленген көрінеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<