Байқоңырда байыпты бастамалар бар

505

0

Биыл «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыған байқоңырлық 133 тұрғынға қайтарымсыз грант берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай айтты.

– Байқоңыр қаласындағы жұмыссыздық деңгейі 5% құрайды. Соған орай,  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде кәсіпкерлікке ден қойған жандарға ыңғайлы жағдай жасаудамыз. Оның ішінде 133 тұрғынға өтеусіз грант берсек, оның басым бөлігі мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, шаштараз қызметі, шағын типография ашу, жартылай фабрикат өнімдерін дайындау және басқа да қызметтерге бөлінді. Бұдан бөлек, азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытында биыл бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, жыл ішінде тұрақты жұмыс орындарына 308 адам орналастырылды. Сондай-ақ, биыл алғаш рет «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыстарға 150 адам тартылды. Келер жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, – деді ол.

Брифингте әлеуметтік-экономикалық жағдай, қоғамдық-саяси ахуал да сөз болды. Оның ішінде байқоңырлықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және білім беру мәселелері сараланды.

Мәселен, биыл байқоңырлық 587 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Қазір Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханасында гемодиализ орталығын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Орталықтың ашылуы келер жылға жоспарланған. Айта кетерлігі, қазір қалада қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетсе, онда жыл көлемінде 112 азамат жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ, жаңадан салынған үйлерден дәрігерлерге 15 қызметтік пәтер берілді.

– Өздеріңізге белгілі, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бюджеттен  7 «А» шағын ауданында елу пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл жұмыстар әлі жалғасуда. онымен қоса, 11 шақырымнан астам кәріз желілері қайта жаңғыртылды. Осының негізінде жергілікті 150 тұрғын жұмыспен қамтылды. Ал биыл электр станциясының қазандықтарын пайдалануға беру мақсатында №3 ең жоғары су жылыту қазандығына табиғи газ берілді. Жылу-электр станциясын газдандыру жұмыстарын толығымен 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл бағытта «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы қажетті газ көлемін жеткізуге дайын, – деді Қ.Ырзақұлұлы.

Жиында арнаулы өкіл Байқоңыр қаласы халықаралық ерекше статусқа ие және ондағы мәселелер, қоғамдық-саяси ахуал Үкіметтің ұдайы назарында екенін жеткізді.

Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссия шешімімен Байқоңыр қаласының жылу-электр орталығына қазақстандық табиғи газ жеткізілді. Бұл өз кезегінде коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендеуіне оң әсер етеді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<