Байқоңыр қаласы – жалға алу жағдайында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі. Қазіргі кезде қалада 55,9 мың адам тіркелген, оның ішінде 39,8 мыңы (71%) Қазақстан Республикасының, 14,8 мыңы (26%) Ресей Федерациясының және 1,3 мыңы (3%) басқа мемлекеттің азаматы.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде брифинг берген ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай айтты.
Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 3,2% құрайды. Жыл ішінде 426 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыған 27 тұрғынға 39,9 млн теңге сомасында қайтарымсыз грант берілген.
– Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімдігі Ресей Федерациясы жалға алған «Байқоңыр» кешенінің объектілерін жалдау құрамынан шығару, әлеуметтік қамсыздандыру, кәсіпкерлік объектілерін ашу үшін облыстың коммуналдық меншігіне алу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қалада 12 мектеп бар, оның 5-еуі қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Оқушылардың жалпы саны – 8 022. Ресей Федерациясының мектептерінде 2 795, қазақстандық мектептерде 5227 оқушы оқиды. Қазақстан Республикасының білім стандарттары бойынша 5 балабақша жұмыс істейді, онда 963 бала тәрбиеленуде.
– Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санын арттыру мақсатында былтыр 2 балабақша ашылды. Бүгінде балабақша кезегінде тұрғандар саны – 285. Биыл тағы бір мектепке дейінгі мекеме және мектеп ашу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Қ.Нұртай.
Денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекетаралық келісімге сәйкес, Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бері көпбейінді аурухана жұмыс істейді. Мекемеде 105 стационарлық орын (күндізгі стационар – 65 орын) бар, ауруханаға 43 252 тұрғын тіркелген.
– Аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазақстандық азаматтарға барлық қажетті медициналық көмектер көрсетіліп жатыр. Қалада гемодиализ орталығының қызметіне жүгінетін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін жеке кәсіпкермен келіссөздер нәтижесінде көпбейінді ауруханадан гемодиализ орталығы ашылды. Былтыр медициналық қызмет сапасын одан әрі арттыру үшін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауруханаға 442 млн теңгеге заманауи құрал-жабдықтар алынды, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Қазіргі уақытта қалада 351 көпқабатты үй бар. Байқоңыр қаласының тұрғын үй қоры 1955 жылдан бастап пайдалануға берілгенін ескерсек, олардың 70%-ы тозған.
– Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен Байқоңыр қаласының 7 «А» мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында елу пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 3,7 млрд теңге.
Жылу-электрстанциясы табиғи газға ауыстырылуда. Жұмыс 2027 жылы аяқталады. Бұл өз кезегінде жылу энергиясына тарифтің өсуін тежейді, – деп атап өтті Қ.Нұртай.
«Байқоңыр» – қала мен ғарыш айлағын біріктіретін, баламасы жоқ әлемдегі бірден-бір кешен. Қайрат Ырзақұлұлының айтуынша, туризмді дамыту және «Байқоңыр» кешенінің мәдени әлеуетін іске асыру бойынша да жұмыстар баршылық. Бүгінде Туризм және спорт министрлігі кешенде туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде.
– Үкіметаралық комиссияның шешімімен «Байқоңыр» кешенінде қазақстандық тараптан туристік қызметті жүзеге асыратын ұйым ретінде «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны акционерлік қоғамы және «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорны анықталды. Былтыр 21 қарашадағы зымыран ұшыру кезінде ғарыш айлағының тарихында алғаш рет Аэроғарыш комитеті заманауи киіз үй түріндегі қазақстандық бақылау пунктін ашты. Бұдан бөлек, бірқатар туристік нысандар «Инфракос» кәсіпорнының теңгеріміне қабылдануда. Атап айтқанда, «Гагарин беседкасы», «Нулевой квартал» нысандары, сондай-ақ алғаш адам ұшырған алаң «Гагарин стартын» жалдан шығару жұмыстары жүргізілуде, – деді Қ. Нұртай.
Қалада ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу мәселесіне аса мән беріледі. Жыл көлемінде бірлескен мәдени-көпшілік, спорттық шаралар, облыс жастарын зымыран ұшырылымына және ғарыш айлағына экскурсияға әкелу, Байқоңыр қаласы жастарын Қызылорда қаласына экскурсияға апару, тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылады.
– Биыл «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен қаласының құрылғанына 70 жыл толады. Мерейтой Үкімет деңгейінде атап өтіледі. Қазіргі кезде облыс әкімдігімен бірге іс-шаралар жоспарлануда. Қаланың ерекше статусына байланысты туындайтын өзекті және мәселелер «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясында қаралады. Үкіметаралық комиссияның 8, 9 және 10-отырыстарында тараптар бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Мәселен, Қармақшы ауданының «Төретам» және «Ақай» елді мекендері тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы жері аумағын ұлғайту мақсатында «Байқоңыр» кешенінің жер телімдерін жалдан шығару жүргізілуде (200 мың гектардан астам). Кәсіпкерлікті дамытудың негізгі тежеуші факторы – ресейлік салық заңнамасын қолдану. Осыған байланысты Үкіметаралық комиссия Ұлттық экономика министрлігіне және Ресей Федерациясының Қаржы министрлігіне қазақстандық салық заңнамасы бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұдан бөлек, қалаға және ғарыш айлағына электронды форматта рұқсаттамаларды ресімдеу және «Байқоңыр» кешенінің туристік объектілеріне рұқсат алуға өтінім ұсыну мерзімі қысқартылды, – деді Қ. Нұртай.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<