Байқоңырда тұрғындармен кездесті

435

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Байқоңыр қаласының мәдениет сарайында өткен кездесуге Байқоңыр қалалық әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин және қала әкімшілігінің өкілдері, екі тараптан құқық қорғау органдарының, облыстық басқарма мен жергілікті мекеме басшылары қатысты.

Байқоңырда тұрғындармен кездесті

Қайрат Ырзақұлұлы баяндамасында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың жуырдағы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, онда белгіленген тапсырмаларды бірлесе отырып орындауға шақырды.

Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін қазақстандық тараппен атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарлар, «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы тапсырмаларының орындалуына тоқталды.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қалада Ресей Федерациясына қарасты мекемелерде жұмыс жасайтын тұрғындарға үй беру мәселесі, азық-түлік бағасы, инфрақұрылым, Байқоңыр қалалық ауруханасының аумағына аялдама қою, Төретам мен Ақайды газдандыру, коммуналдық қызмет тарифтері, Қазақстан тарапы жүргізіп жатқан 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары бойынша сұрақтар қойылып, арнаулы өкіл мен қала әкімшілігінің басшысы нақты жауап берді. Бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапты.

Жалпы, біршама уақыттан кейін ұйымдастырылып отырған кездесу толықтай мемлекеттік тілде өткізілді. Ал, ресейлік тарапқа ілеспе аударма қызметі ұсынылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<