Байқоңырдағы байыпты бастамалар

42

0

Байқоңыр – елдің саяси-экономикалық таразысында салмағы басым аймақ. Мұнда мемлекеттік бағдарлама мен әлеуметтік жобалардың әлеуеті артып, жылдан-жылға шаһардың шырайы кіруде. Әсіресе, жастар саясаты, халықаралық келісім аясын кеңейту, қазақ тілі мәртебесін көтеру секілді ілкімді іс жалғасын тауып келеді. Осы орайда Байқоңыр қаласындағы ауқымды өзгерістерді тарқатуды жөн санадым.

Есте болса, облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысы «Байқоңыр қаласының жастарын қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекіткен болатын. Кешенді жоспар аясында жыл  көлемінде бірлескен мәдени-көпшілік, спорттық шаралар ұйымдастырылып келеді. Облыс жастарын зымыран ұшырылымы мен ғарыш айлағына экскурсияға әкелу, Байқоңыр жастарын Қызылорда қаласына экскурсияға апару және тәжірибе алмасу бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде.

Қала жалға беру жағдайында жұмыс жасайтын болғандықтан, ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу мәселесі аса маңызды. Қоғамдық құндылықтарды жаңарту және Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жағдайында ақпараттық материалдарды визуализациялауға ықпал ету қажет. Тарихи, саяси және әлеуметтік құндылықтарды білдіретін ақпаратқа, сондай-ақ жаңа Қазақстанның дамуы шеңберінде қазақстандық қоғамдағы өзгерістерге қол жеткізуді қамтамасыз ету орынды.

Осы мақсатта облыс әкімдігі мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілері, алдағы маңызды оқиғалар туралы ақпараттандыру үшін қала аумағында ақпараттық баннерлер орналастырды. Сонымен қатар, қалада қазақстандық барлық ұлттық және мемлекеттік мерекелер де жоғары деңгейде аталып өтуде.

Ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу мәселесінде ең басты жағымды жаңалығымыз, бұл Республика күніне орай қаланың бірқатар көшелеріне қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерінің берілуі деп білемін.

Бұдан былай қаладағы «Авиационный» көшесі даңқты әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының, «Гостиничный проезд» көшесі Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың, «Внутриквартальный проезд» көшесі қазақтың тағы бір қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың атымен аталады. Сондай-ақ ұзын көшелердің бірі – «Набережная» көшесі Қорқыт ата атындағы жағалау  болып өзгерді.

Жұлдызды қаладағы көшелердің қазақшалануы – тарихи оқиға. Жергілікті халық бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдады.  Бұл маңызды үрдіс одан әрі жалғасын табатын болады.

Қазіргі таңда Байқоңырдағы  білім беру саласында мемлекеттік стандарт беки түсті. Мысалы, қаладағы қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс жасайтын 5 мектепте жоғары сынып оқушыларына «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы», «Полицияның жас қызметкерлері» және тағы басқа мектеп жоспарына сәйкес үйірме, орталық жұмыстары ұйымдастырылған.

Айта кету қажет, Байқоңыр қаласының ерекше статусына байланысты туындайтын өзекті және проблемалық мәселелер «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясында қаралды.

Қазіргі таңда, Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қарасты М.Янгель атындағы №7 орта мектебінде аталған пәндер факультатив ретінде оқытылуда (54 оқушы, аптасына 1 рет). Басқа мектептерге аталған пәндерді оқыту бойынша облыстық білім басқармасымен жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ сәуір айында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапарының нәтижесімен «Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының 2023-2026 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша жол картасы» бекітілді. Онда жалпы 29 іс-шара бекітілген, атап айтқанда, Байқоңыр қалалық білім бөлімін, балабақша, қосымша білім беру орталығын ашу, жайлы жағдайдағы 600 орындық мектеп салу және тағы басқа.

Бүгінде жол картасын іске асыру мақсатында құрылыс нысандарына жер телімдерін белгілеу бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының білім стандарттары бойынша 3 балабақша жұмыс істейді, онда 685 бала тәрбиеленуде. Қалада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санын арттыруда 2 нысан жалдан шығарылып, соның негізінде облыстық білім басқармасы арқылы өткен жылы балабақшалар ашылды. Балалардың жалпы саны – 2972. Оның ішінде Ресей Федерациясының балабақшасында 2114 бүлдіршін, оның  1420-сы Қазақстан Республикасы азаматы, Қазақстан Республикасы балабақшасында 858 бүлдіршін тәрбиеленуде. Осы орайда қаладағы қазақстандық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 3-тен 5-ке дейін жетті. Осы нысан негізінде тағы да бір балабақша іске қосылады.

Қазақстандық стандарт бойынша білім беру ұйымдарының санын арттыру жұмыстары одан әрі жалғасын табады. Биыл жалдан шығарылған нысан негізінде балабақша ашу жоспарлануда.

Айта кетейік, қалада 12 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 5-еуі қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс жасайды. Оқушылардың жалпы саны – 8477. Оның ішінде Ресей Федерациясының мектептерінде 3179 оқушы болса, оның 1282-сі Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасы мектептерінде 5298 оқушы білім алады.

Қалада рухани, идеологиялық жаңалық ғана емес, инфрақұрылымдық, медицина мен спорт бағытында өзгеріс жетерлік. Тақырыпты тұрғын үй құрылысынан бастайық.

Қазір қалада көпқабатты 351 үй бар (оның ішінде 9 үй тоғыз қабатты). Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 2019 жылы 30 жылда алғаш рет «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бес 50 пәтерлі тұрғын үй салынды және барлық пәтерлер қала тұрғындары, Қазақстан азаматтары арасында бөлінді. Жаңа «7 А» шағын ауданы құрылды.

2021 жылдан бастап Байқоңыр қаласының «7 А» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты келісімге сәйкес, ондағы желілер жалға алынып, облыстық коммуналдық меншікке берілді. «Байқоңыр қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту» жобасы аясында кәріз желілері қайта жаңартылды. Аталған жұмыстарды жалғастыру үшін 2024 жылға 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы тұрғын үй қоры мен инфрақұрылым жүйелеріне тексеру жұмыстары жүргізілді. Тиісті жұмыс тобы құрылып қала әкімшілігімен бірлескен инфрақұрылым жүйелеріне тексеру жасалды.

«Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес қалада барлық көппәтерлі тұрғын үйлер газға қосылды. Бұл табиғи газдың қолданыстағы тарифін 16 есеге төмендетіп, облыс бойынша қолданыстағы көрсеткішпен теңестірілді.

Айта кетерлігі, қаланың жылу-электр стансасы қымбат мазутта жұмыс істейді, бұл тарифтерге әсер ететіні сөзсіз. Бүгінде қала әкімшілігі «Байконырэнерго» өндірістік-энергетикалық бірлестігі жылу-электр станциясын мазуттың негізгі отынынан табиғи газға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізуде. Жылу-электр стансасын газдандыру бойынша жұмыс кешенін 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

ЖЭС-ті табиғи газға ауыстыру қала мен ғарыш айлағын ЖЭС-те өндірілген арзан жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Өйткені ыстық су өндіру және табиғи газды пайдалану арқылы жылумен жабдықтау құны мазутты пайдаланудан әлдеқайда арзан.

Кейінгі жылдары денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекетаралық келісімге сәйкес қарқынды жұмыс жүзеге асты. Бүгінде Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бастап Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы жұмыс жасайды. Мекемеде 105 стационарлық орын (күндізгі стационар – 65 орын) бар, жалпы ауруханаға 42148 тұрғын тіркелген. Оның ішінде Байқоңырда – 28843 адам, Ақайда – 4693 адам, Төретамда – 8612 адам. Ауруханада 598 қызметкер жұмыс жасайды, оның ішінде 88 дәрігер, 323 медбике, 85 аяжан, 102 әкімшілік қызметкер халыққа қызмет көрсетеді.

Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасының құрылымдық бөлімшелеріне келсек, «Төретам» ауылдық емханасы (10 төсектік күндізгі стационар), «Төретам» ауылдық ауруханасы (25 төсектік күндізгі стационар, «Ақай» ауылдық дәрігерлік амбулаториясы (5 төсектік күндізгі стационар) жұмыс істейді. Аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңартуға әркез мән берілген. Қазақстандық азаматтарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Қалада гемодиализ орталығының қызметіне жүгінетін азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жеке кәсіпкермен келіссөз жүргізіліп, Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханадан өткен жылдың желтоқсан айында гемодиализ орталығы ашылды.

Спорт саласында да серпін бар. Жыл басынан бері қаламызда республикалық және облыстық деңгейде бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және ғарыш күніне орай осы  саланың қызметкерлері, ардагерлері мен тұрғындардың қатысуымен мерекелік салтанатты шара өтті.       

Оған қатысушылар Юрий Гагарин мен ғалым-конструктор, КСРО Ғылым академиясының академигі Сергей Королевтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Сонымен қатар, велоспорттан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Қазақстан Республикасы Спорт және туризм министрлігі мен Ресей Федерациясы спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру саласындағы екіжақты келісіміне сәйкес және 12 сәуір – Космонавтика күніне орай жастар арасында велоспорттан Қазақстан Республикасының чемпионаты жарияланды. Жарысқа көршілес Ресей, Қырғызстан және еліміздің түрлі өңірлерінен 200-ге жуық спортшы қатысты. Чемпионаттың 1 кезеңі – жасөспірімдер арасында 50, ардагерлер арасында 40, әуесқойлар арасында 20 шақырым топтық-айналмалы жарыс болды. 2 кезең де «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағында өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Халық сұранысының басым бағыты – азық-түлікке қолжетімділік. Жыл сайын Байқоңыр қаласының аумағында азық-түлік бағасын тұрақтандыру және негізсіз көтеруге жол бермеу мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтуде. Әр жәрмеңкеге Қазалы, Арал және Қармақшы аудандарының шаруа қожалықтары мен «Байқоңыр» ӘКК-нің тауар өндірушілері өнімдерін әкеледі. Өнімдер нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен сатылуда.

Орайы келгенде тұтынушы туралы да толымды ақпарат берсек. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласында 57,4 мың адам тіркелген, оның ішінде 40,6 мыңы Қазақстан Республикасының, 15,5 мыңы Ресей Федерациясының және 1,4 мыңы басқа мемлекеттердің азаматтары. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 2,3 пайызды құрайды.

Бұл жерде айтып өтетін басты мәселе, қалада өндіріс орнының болмауына және кәсіпкерліктің әлсіз дамуына байланысты жаңа жұмыс орындарын құруда қиындықтар тууда. Осы орайда қалада жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде көрсетіледі.  Өткен жылы тұрақты жұмыс орындарына 385 адам орналасты. Биыл жыл басынан 124 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыған 50 тұрғынға 69 млн теңге сомасында өтеусіз грант берілді. Негізінен мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, шаштараз қызметі, шағын типография ашу, жартылай фабрикат өнімдерін дайындау және т.б. қызметтерге бөлінді.  Сондай-ақ «Жасыл ел» жобасы аясында осы жылдың маусым-тамыз айларының аралығында маусымдық жұмыстарға жастар қатарынан 170 адам қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, жүйелі түрде жеке қабылдаулар және құқық қорғау органдары басшыларымен қоғамдық қабылдаулар өтуде. Онда көтерілген мәселелер жіті бақылауға алынып, тиісті сала басшыларымен заң талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

Екі мемлекеттің өзара ынтымақтастығы кез келген мәселені дер кезінде әрі екі тарапқа да тиімді шешуге жәрдемдесуде. Мұның басты көрінісі РФ жалға алған нысан мен жерлерді жалдан шығару мәселесінде көрінді. Мәселен, облыс әкімдігі РФ жалға алған «Байқоңыр» кешенінің объектілерін жалдық құрамнан шығару және әлеуметтік қамсыздандыру мен кәсіпкерлік объектілерін ашу үшін Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізуде.

«Байқоңыр» кешенінің кейбір жер учаскелерін жайылымдық жерлер үшін жалдан шығару мәселесіне келсек, 61 мың гектарға жуық жер учаскесін «Төретам» және «Ақай» елді мекендері тұрғындарына жайылымдық жерлер ретінде жалдан шығару пысықталуда. Жер учаскелерінің шекараларын нақтылау, тірек нүктелерінің географиялық координаттарын анықтау, жер учаскелерінің шекараларында коммуникация элементтерінің болуын анықтау, тиісті актілерді рәсімдеу мақсатында тараптар өкілдерінің қатысуымен бірлескен топ жұмыс жүргізуде.

Ел мен елді жақындастыру, достық мақсатқа ұйыстыру ақпараттық демеусіз жүзеге аспасы белгілі. Осы мақсатта өткен жылдан бастап қалада «Qyzylorda» телеарнасының корреспонденттік пункті ашылды. Ендігі кезекте тілшілер қаладағы маңызды оқиғалар мен өткізіліп жатқан іс-шараларды облыс көлемінде насихаттайтын болады.

Бұдан бөлек, қаладағы мемлекеттік жастар саясаты, Қазақстанның әлеуметтік жобаларының жүзеге асуы облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.

Мысалы, таяуда «Таза Қазақстан – Таза аймақ» республикалық экологиялық акциясы жалғасып, 6 сәуір-11 мамыр аралығында өтті. 6-13 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы бастау алып, әрбір ұжым бөлінген қала аумағындағы көшелер мен саябақтарда, демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Киелі мекен» апталығында Байқоңыр қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер айналасын абаттандыру, оның барысында ретке келтіру шаралары атқарылды.  «Жасыл аймақ» апталығында қаламызды көгалдандыру және көркейту мақсатында ағаш отырғызылды. «Өнегелі ұрпақ» апталығында қалалық «Ардагерлер үйі» және ҰОС және тыл ардагерлерінің үй-жайларына тазалық жасалды. Ардагерлер  ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Сырдария өзенінің Байқоңыр қаласынан өтетін тұсы күл-қоқыстан тазартылды. Акцияға қаланың 3000-ға жуық мекеме ұжымы қатысып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, қоқыс шығаруға өз үлестерін қосты.

Жалпы Байқоңырдағы оң өзгерістің көрінісі – еларалық келісімнің сәтті жүзеге асуы. Алдағы уақытта кәсіби дипломатиялық қызмет, өзара байланыс нәтижесінде жемісті бастамалар жалғасын табатыны анық.

Қайрат НҰРТАЙ,

ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі,

облыс әкімінің орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<