Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай елді мекендерінің тұрғындарымен кездесу өткізілді. Онда Байқоңыр қаласы Әкімшілігінің Басшысы мен лауазымды тұлғалар, ҚР және РФ құқық қорғау органдары және облыстық басқармалар мен жергілікті мекемелердің басшылары шақырылып, тұрғындардың мәселелерін тыңдады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары, ҚР «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай хабарлады.
– Бекітілген кестеге сәйкес, тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдау жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Қабылдауға тиісті сала басшылары қатысып, тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті сауалдар бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейін, кездесулер мен жеке қабылдауларға барлығы 2000-нан астам тұрғын қатысты. Кездесу нәтижесінде аурухана, мектеп, автобус аялдамалары мен балалардың ойын және воркаут алаңдарын салуға, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу туралы азаматтардың өтініштері қанағаттандырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – Қайрат Нұртай.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<