Байқоңырлық бағбан

1829

0

Халқымыз «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналықтың парқын ұрпағының бойына сі­ңірген. Баба аманатына адалдық танытып, сауапты әрекет жасап жүргендер баршылық. Сондай жанның бірі, Байқоңыр тұрғыны Қаласбай Көптілеуов қа­жырлы еңбегінің арқасында қала жұртының құрметіне бөленді.

Ол бірнеше жылда көп­қабатты үйдің қаңырап тұрған ауласын нағыз жасыл оазиске айналдырған. Барлық көкөніс пен же­міс сырттан келетін, жа­қын маңда бау-бақша бір­лес­тіктеріне орын жоқ Бай­қоңыр үшін бұл өте маңызды.

Көктемде Қаласбай Көп­­тілеуовтің бағында өрік пен шие гүлдегенде жас жұбайлар кортеждері ке­леді. Гүлденген жеміс ағаш­тарының саясында қарт­тардың батасын алып, неке қию жақсы дәстүрге айнал­ған. Жазда Қаласбай ата өрік жеуге келген көрші аула балаларын бағбандыққа бау­лып, табиғатты қорғауға үйретеді.

– Бағбандық – өмірдегі ең сүйікті ісім. Бала ке­зім­нен жақсы көретінмін. Бұл – жан­ға рахат сыйлайтын жұмыс, – дейді Қаласбай Көп­тілеуов.

Ол отбасымен Қазалы қаласынан Байқоңырға кө­шіп барған кезде ауласын  көгалдандыра бастаған.

– Шаршы метрлеп асық­пай жұмыс істедім, тырыс­тым. Қаланы жасылдандырып, көріктендіре түссем деген талабым зор болды, – дейді ол.

Байқоңырлық бағбан

Бағбан ол үшін жұртқа үлгі көрсетудің өзі жеткілікті деп санайды. Қаласбай Көп­тілеуовтің ауласындағы же­міс ағаштары мен жабайы жүзім үйдің қасбетін бе­сінші қабатқа дейін шырмай өскен. Мұны көрген өзге аула тұрғындары да ауласын осылай безендіруді қалаған екен. Бағбан оларға көшеттерімен де, кеңес­те­рімен де қолдау білдіріп, көмегін аяған жоқ.

– Көшет үшін ақша алмаймын, өйткені олар са­уап­ты іс жасағысы келеді. Ал жасыл желек – жер шарының өкпесі. Өскінге күтім, бір жағынан жанға жағымды жұмыс, әрі қоршаған ор­таға пайда. Сұрағандарға көшетті қажетіне сай бе­ремін, отырғызуға кө­мек­тесіп, күтім жасауға керек кеңестер айтамын. Өз көшеттерім отырғызылған аулаларға жиі барып, қарап тұрамын, – дейді ол.

Қаласбай ағаның басқа аулаларға отырғызған ағаш­­­та­рына барлық тұр­ғын­дар бірлесіп күтім жасайды. Қаланың көрікті орын­дарының біріне ай­налған бағбанның ауласын әкімшілік басшысы қор­шап берген. Бірде оған Кон­стантин ­Бусыгинге дейін қалалық әкім­ші­лікті басқарған Анатолий Петренконың өзі келген. Жұртқа үлгі болар жұ­мыстары үшін «Мичурин» деп атаған екен.

Байқоңыр әкімшілігінің мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлес­тік­термен жұмыс бөлімінің бастығы Виктор Новиков Қаласбай Көптілеуовті қала тұрғындарының барлығы құрметтейтінін айтады.

– Мен ол кісімен 12 жылдан бері көрші тұрамын. Жақын таныған адам Қа­ласбай Көптілеуовтің бо­йынан мейірім мен адал­дық сияқты қасиеттерді байқайды. Ол көмек сұраған жанға шын жүректен қол ұшын созуға даяр жан. Қандай мәселеге кезіксе де бейжай қарамай, жауапты мекемелерге барып жағдайды түсіндіреді. Ұсы­нысын айтады. Өз күшімен де тұрғындар үшін көп нәрсе жасайды. Қаласбай Көптілеуов секілді жастарға үлгі етерлік жандар көп болса екен деген тілегіміз бар, – дейді ол.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<