Байыпты бастамалар, жаңашыл жобалар

348

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов өңірдің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, табиғи ресурстар, орман, балық, су шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустрияны дамыту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді. 

–  Аймақтың   аграрлық   сала­сында ел игілігіне айналған же­тіс­­тіктеріміз аз емес. Мемлекет тарапынан жыл  сайын  ауыл  шар­уашылығын қол­дауға бағыт­талған қомақты қаржылар бөлінуде. Биыл егін және мал шаруашылығын дамытуға, басқа да жұмыстарға бөлінген 11,9 млрд теңге толығымен игерілді. Осының ауыл, орман және балық шаруа­шылығында 171,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 67,0 млрд теңгені құрады. Ол өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға артып отыр. Айта кетерлігі, кейінгі жылдары аймақтың экс­порттық әлеуеті артуда. Биыл 53 млн АҚШ долларын құрайтын 97,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шетелге шығарылды. Олардың қатарында күріш, балық өнімдері, қамыс, қауын, қарбыз, қызанақ, көкөніс бар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда  76 %-ға артты, – деді Серік Салауатұлы.

Облыс диқандары биыл 188,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Сырдария өзеніндегі судың төмендеуі және вегетациялық кезеңде суармалы судың тапшылығына байланысты өңірде күріш егісі қысқартылды. Оған қоса егін шаруашылығын әр­тарап­тандыру бойынша тиісті шаралар қабылданды.

– Негізгі дақыл – күріш  егісі  2017 жылғы көлемінен 12,4 мың гектарға қысқартылып, 78,6 мың гектарға егілді. Осындай қиын­дықтарға қарамастан мол өнімге негіз қаланды. Әр гектардан 56,7 центнерден өнім жиналып, қыр­манға 444,8 мың тонна күріш салысы жиналды. Диқандар ендігі кезекте суды  аз  қажет  ететін  малазықтық, майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша  көлемін ұлғайтуға мән беріп отыр. Аймақтың табиғи-климаттық жағдайына сәйкес картоп, көкөніс, бақша, майлы, малазықтық дақыл­дарды егіп өндіруге толық мүмкіндік бар, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының  баға­сын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылданып келеді. Өнім­дер әлеуметтік дүкендер және апта сайын өткізіліп жатқан жәрмең­келерде нарықтағыдан  төмен бағада халыққа ұсынылуда.

Мемлекет басшысы тарапынан берілген жерді пайдалану мәселесіне  байланысты нақты жұмыстар жасалды. Осы мақсатта өңірде   арнайы жұмыс тобы құрылған. Нәтижесінде пайдаланылмаған немесе заңнама талабы бұзылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы 157,7 мың гектарды құрайтын 250 учаске мемлекет меншігіне қайтарылған.

Биылғы жылдың 11 айында  өңірде жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 29,5%-ға ұлғайып, олардың саны 66054-ке жетті. Бұл салада 107387 адам жұмыспен қамтылып, 232,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Кәсіпкерлікті қолдау мақ­сатында әртүрлі қаржы көзінен 20 млрд теңге қаралды.

– Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 216,7 млрд теңгені құрайды. Айта кетсек, ірі кәсіпорындардың өнім өндірісін ұлғайту және жаңа жобаларды іске қосу есебінен оң динамикаға қол жеткізілді. Аймақ жұртшылығы көптен бері күткен Шыны зауыты қазан айынан өнім өндіруде. Өндіріс орнының қуаттылығы 197,1 мың тонна құрайды. Қазірге дейін өндірілген 17 мың тоннаға жуық шыны елі­міздің Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 13,2 мың тонна өнім өндіру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта өнім Өзбекстанға экспортқа шығарылмақ, – деді Серік Салауатұлы.

Аймақтың тыныс-тіршілігінде аталған салалардың маңызы зор. Әрине, аграрлық салада кездесіп отырған су тапшылығы мәселесін шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, аталған салада өндірілген өнімдерді экспортқа шығарудың көкжиегі кеңейе түсті. Мұндай игілікті істер шағын кәсіп­керлік және индустрияны дамыту бағытында да байқалады. Алдағы уақытта осындай байыпты бастамалар, жаңашыл жобалар, ілкімді істер жалғасын табады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<