Білім ордасы дамудың жаңа кезеңінде

715

0

Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай ауқымды іс-шара өтеді. Университеттің Сыр өңірінде жоғары білім мен ғылымның, мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлесін қосты десек, қателеспесіміз анық. Сондықтан, тарих беттеріне қысқаша болса да зер салғанымыз дұрыс. Іргелі өркениет орталығы өз бастауын еліміздегі алғашқы  ашылған жоғары оқу орындарының ондығына кіретін Қызылорда педагогикалық институтынан алады.

Институттың іргетасы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 21 тамыздағы аса құпия қаулысы бойынша Қиыр Шығыстан Қызылордаға корей ұлтымен бірге қоныс аударған Корей педагогикалық институтының негізінде қаланды. Сол кезеңде Қазақстанның бірқатар оңтүстік және батыс облыстарында жоғары білімді мұғалімдер даярлайтын оқу орындары болмағандықтан Қызылорда педагогикалық институтының ашылуының тарихи маңызы зор  еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, яғни 1941–1945 жылдары Қызылорда педагогикалық институты базасында эвакуацияланған Мәскеудің ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты, Симферополь медицина институты, Киев және Харьков университеттері орналасып, бірге жұмыс істеді. 1952 жылдың наурыз айында Қызылорда педагогикалық институтына орыс әдебиетінің классигі Н.Гоголь есімі берілді. Ал 1992 жылғы 21 сәуірде – Ұлы дала философы  Қорқыт ата есімімен қайта аталды.

Бүгінгі университеттің бастауында тұрған тағы бір жоғары оқу орны – 1976 жылғы 13 шілдеде ашылған Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалы. Осы филиал 1990 жылғы 15 қарашада Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты болып қайта құрылып, оған 1992 жылғы 12 ақпанда атақты күрішші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың есімі берілген еді.

ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы №256 Қаулысымен   Қорқыт ата атындағы  Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты бірігіп, «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытудың тіректі салалары ғылым мен білімге  ерекше көңіл бөліп, бұл саладағы ауқымды өзгерістерді өзінің жіті бақылауында ұстап келеді. Бұл байырғы қара шаңырақтың 85 жыл ішінде жүріп өткен жолы.

Нақты кезеңде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 85 жылдық тарихы бар білім ордасы ретінде өңірдің бірегей рухани орталығына айналған. Айталық, бүгінде университетте 5 институт, 24 кафедра, 5 ғылыми орталық қызмет етеді. Профессор-оқытушылар құрамы 560 адам, оның ішінде 22 ғылым докторы, 176 ғылым кандидаты, 37 философия докторы (PhD) бар.  Қазіргі заман талабына сай оқу орнында 4 бағытта жұмыс жүргізіледі. Атап айтқанда, білім беру, ғылым және инновацияны дамыту, әлеуметтік-мәдени бағытты қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бастамалар өз нәтижесін беріп отыр.

Білім ордасы дамудың жаңа кезеңінде
Дереккөз: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Университеттің басқарма төрағасы – ректоры, қалалық мәслихат депутаты Бейбіткүл Кәрімова білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы тарқатып айтып берді.

– Жаңа реформалар  аясында жоғары оқу орындарының басқарушылық, білім беру мен ғылыми қызметінің барлық құрылымдық және мазмұндық құрамын қайта жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды. Ауқымды өзгерістер университеттің өз қызметінің нәтижелері үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, мамандар даярлау сапасын көтеруге, жастардың  азаматтық ұстанымын қалыптастыруға  бағытталды. Көпбейінді жетекші жоғары оқу орнының дәстүрлі қызметі өңірдің экономикасы үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де білікті кадрлар даярлау  болғандықтан 2025 жыл деңгейіндегі стратегиялар бекітілді.

Стратегияның  білім, ғылым саласындағы ұлттық жобалармен, Қызылорда облысының Өңірді дамыту бағдарламасының мақсат-міндеттерімен тығыз үйлестірілгенін айта кету орынды. Университетті инновациялық-кәсіпкерлік ЖОО ретінде қайта құру, материалдық-техникалық базаны жаңарту, студентке бағытталған оқыту, цифрлық университетке көшу мақсатында бизнес процестерді цифрландыру, университетті басқару жүйесінің және HR-процестердің тиімділігін арттыру басты назардағы жұмыстар.

Қазіргі білім алушыларымыз, профессор-оқытушылар мен қызметкерлеріміз алдыңғы буынның озық дәстүрлерін қастерлей отырып, алдарына өршіл мақсаттар қойып, ғылым мен білімнің перспективті бағыттарын игеруде әрі ел көлеміндегі міндеттерді шешуге белсенді қатысуда. Бағындырған белестеріміз уақыт өткен сайын көбейе түссе, барлық жетістіктің  кілті ұжымның берекелі бірлігі пен еселі еңбегінде жатқаны айқын. Жақында ғана «QS Asia University Rankings – 2023» рейтингінің нәтижесінде Азияның ТОП 551-600 ЖОО қатарына университеттің енуі – ұжымды жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіріп отыр. Бүгінде  жоғары оқу орны ғылыми зерттеулермен белсенді айналысатын, алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын меңгеретін, жаңа идеяларды қалыптастыратын бастамашыл, креативті азаматтар үшін тартымды жұмыс орнына айналуда. Олардың әрқайсысы үшін университет тек жұмыс немесе оқу орны ғана емес өмірге бастау берген, ғалымдар мен педагогтар, зерттеушілер мен мамандар, экономиканың нақты секторлары мен мемлекеттік басқару органдарының қызметкерлері етіп қалыптастырған рухани азықтың қайнар көзі.

Кадрларды даярлау жоғарыда айтқан 5 институт базасында 115 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Профессор-оқытушылар құрамының 50%-ның ғылыми атақ-дәрежесі бар. Штаттық кестеге «Профессор-зерттеуші» және «Оқытушы-зерттеуші» жаңа лауазымдары енгізіліп, оқытушы моделі нарық талабына сай жаңа құзыреттіліктермен толықты. Өндіріспен интеграциялау мақсатында оқу үдерісіне Қызылорда облысының кәсіпорындары мен мекемелерінен жетекші практик-мамандар көптеп  тартылуда. Біліктілік деңгейін көтеріп отыру заманауи тренд болғандықтан, еліміздің және шетелдердің білім беру мекемелеріндегі, кәсіпорындарындағы біліктілікті арттыру курстарына мақсатты түрде жібере отырып,  профессор-оқытушылар құрамының толықтай кәсіби біліктіліктерін арттыруына қол жеткіздік.

Білім ордасы дамудың жаңа кезеңінде
Дереккөз: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Білім алушылар контингентін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс нәтижесінде бакалавриат, магистратура, докторантураның жалпы контингенті 2019-2020 оқу жылындағы 5195 адамнан 2022-2023 оқу жылында 9014 адамға дейін немесе 2 есеге жуық ұлғайды. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде оқитындар саны артып, білім алушылардың сапалық құрамының нығаю көрсеткіші 2,8 есеге өсті. Нақты айтқанда 2019-2020 оқу жылындағы 1123 адамнан 2022-2023 оқу жылында 3159 адамға дейін ұлғайды.

Контингенттің өсуіне бірнеше фактор ықпал етті, соның бірі – 2020 жылдың қаңтарында ашылған рекрутинг орталығының жүйелі жұмысы Қызылорда облысының білім беру саласын жаңа формациядағы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер біліктілік санаттары бар педагог кадрлардың үлесін арттыруға, педагогтарды кибер педагогика және қашықтықтан оқыту әдіснамасы негіздері бойынша оқытуға барынша ықпал етудеміз. Жергілікті атқарушы органдар гранты негізінде оқитын бакалавриат білім алушыларының жалпы контингенті 2022-2023 оқу жылында 322-ні құрайды. Соңғы үш жылда өндірісте кафедралардың 94 филиалы ашылды, практика базаларымен 646 шарт жасалды.

Бекітілген жаңа кәсіптік стандарттар мен жұмыс берушілердің сұраныстары негізінде даярлаудың барлық деңгейі бойынша 95 білім беру бағдарламасы жаңартылды. 163 пән бойынша 38 білім беру бағдарламасына  дуалды оқыту элементтері енгізілді, оны енгізу барысында мектептерде, цехтарда,  өндірісте,  зертханаларда  практикалық сабақтар  қоса жүргізіледі. Көптілде білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ағылшын тілінде білім беру бағдарламасын әзірлеу, әлемнің жетекші университеттерімен қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылуда. Өткен оқу жылында 3 жаңа білім беру бағдарламасы  РФ Томск политехникалық университетімен бірлескен магистратура бойынша 3 қосдипломды бағдарлама ашылса, Новосібір мемлекеттік университетінің механика-математикалық факультетінің филиалын ашу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Бұған қоса, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мәселен, 2021-2022 оқу  жылында шетелден бір академиялық кезеңге 22  оқытушы шақыртылса, біздің 16 оқытушымыз еліміздің жоғары оқу орындарында дәріс берді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетел жоғары оқу орындарында 25, еліміздің жоғары оқу орындарында 74 студентіміз дәріс алып келді. Сондай-ақ, шетелдік 22 студент біздің университетте білім алуда.

Соңғы кезеңде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы  431,08 млн теңгені құрады, яғни екі еседей артты. WoS және Scopus халықаралық деректер қорына кіретін басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны бір жарым есеге өсті. Университет тарихында тұңғыш рет 2021 жылы жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін қолдау үшін арнайы  гранттар бөліне бастады.  Жастарды ізденіске  жігерлендірген жағымды үрдіс жыл сайын жалғасын таба бермек.

Сыр өңіріндегі ортағасырлық қалашықтар мен ескерткіштерге жүргізілген археологиялық зерттеулер халықаралық бағдарламалар, республикалық бюджеттен ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру есебінен, облыстық бюджеттен бөлінген қаржы негізінде  жалғасын табуда. Соның бір дәлелі Герман зерттеу қоры 2018-2020 және 2022 жылдары қаржыландырған «Ұлы Жібек жолының бойында көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбандалуы: ерте ортағасырлық Жанкент қаласы (Арал өңірі, Қазақстан)» атты халықаралық жобасы. Үстіміздегі жылы жазғы қазба жұмыстарына Тюбинген университеті археология мамандығының магистранттары, РФ Жоғары экономика мектебінің  магистранттары мен аспиранттары, М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің археология мамандығында оқитын  ерікті студенттер қатысты.

Философия докторы (PhD) дәрежесін беру бойынша 2019-2021 жылдар аралығында 7 диссертациялық кеңес жұмыс істеп, 18 диссертация қорғалды. Биыл жаңадан педагогика және психология, қазақ тілі мен әдебиеті, құрылыс және құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер ашылды. Жоспарлы жұмыстар нәтижесінде «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Хабаршысы» журналының «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» бағытығылыми еңбектің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ҚР ҒЖБМ Ғылым  және жоғары білім саласында cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілді.

Ел Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша жеті ғалымымыз АҚШ, Германия, РФ, Белоруссия елдерінің жетекші ғылыми орталықтарында 12 айға дейінгі тағылымдамадан өтуде.  Халықаралық шарттардың саны соңғы үш жылда 20%-ға артып, 180-ге жетті. Оның ішінде QS университеттерінің әлемдік рейтингінің ТОП-500-ге кіретін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен 8 шарт жасалды. «Қауымдастырылған серіктестердің жаһандық желісі» (Educational Testing Service (ETS) Global Preferred Associate Network) компаниясының келісімі бойынша 2020 жылдың қазан айында ашылған TOEFL аймақтық тестілеу орталығы ниет білдірушілердің ағылшын тілі деңгейін ресми растауға жақсы мүмкіндік беруде.

АҚШ Елшілігінің гранты негізінде «Қазақстан университеттерінде экология мен қоршаған орта ғылымдары бойынша тіректі оқу бағдарламаларын ілгерілету» жобасын жүзеге асыруға атсалыстық. Жобаның үйлестірушісі АҚШ-тың Мичиган университеті. Грант иеленуші ретінде университет 2022 жылы маусым айында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, І.Жансүгіров атындағы ЖУ, М.Х.Дулати атындағы ТарУ және АҚШ, Нигерия,  Моңғолия ЖОО-ның жас ғалымдарын біріктірген  жұмыс алаңшасына айналды. Тағы бір ақжолтай жаңалық. Корея Республикасының Білім министрлігі Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілету үшін 2023 жылы халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университет (LUPIC) жобасын бастамақ.

Қорқыт ата  университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің информатика және инжиниринг департаменті бірлесіп, «Жасанды интеллект және информатиканың жаңа мектебін және бизнес-инкубациялық орталықты құру» жобасын әзірледі. Бірнеше жылға арналғанжоба еліміздің экономикалық және цифрлық дамуына үлкен септігін тигізбек. Студенттердің түрлі ғылыми жарыстарға, конференциялар мен олимпиадаларға қатысуын қаржыландыру, жүлдегерлер мен олардың ғылыми жетекшілерін моральдық және материалдық ынталандырумен қамтамасыз ете отырып студенттерді ғылыми қызметке баулу үшін қажетті жағдайлар жасалған. Инновациялық идеяларды қолдаудың «Кәсіпкерлік орталығы»  арқылы 2021-2022 оқу жылында студенттер тарапынан 46 стартап жоба орындалып, 14,3 млн теңге инвестиция тартылуы осының нәтижесі.

ҚР жоғары оқу орындары арасында  республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсының нәтижесі бойынша соңғы екі жылда 19 студент жүлдегер атанды. Биыл жоғары оқу орындары базаларында өткізілген XIV республикалық студенттік пәндік олимпиадаға университет тарапынан 21 білім беру бағдарламасы бойынша  командалар қатысып, барлығы да  жүлделі орындардың жоғары биігінен көрінді. Мектеп оқушыларын ғылымға баулу – маңызды бағыт.

Соңғы үш жылда ғалымдарымыздың жетекшілігімен 125 оқушының халықаралық, республикалық ғылыми жұмыстар конкурсы мен пәндік олимпиадалардың жүлдегері атануы, осынау келелі әріптестіктің жемісі. Білім беру жүйесін цифрландыру жұмыстарының қарқыны ерекше,қазіргі күннің бизнес процесі осындай. Виртуалды Университет 4.0 концепциясы аясында 2025 жылға  дейінгі жоспарымыз – онлайн университет деңгейіне шығу. Толыққанды заманауи  цифрлық инфрақұрылымның арқасында халықаралық аренада позициямыз нығая түсетіні сөзсіз. Осыған байланысты профессор-оқытушылардың цифрлық дағдыларын кеңейту мақсатында оқу курстары ұйымдастырылуда.

Инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаражат жылдан-жылға артып келеді. Университет тарихында алғаш рет ғылыми кітапхананың Студенттер сарайындағы қызмет көрсету бөлімі модернизациялаудан өтті. Жаңа үлгідегі кітапханалық кеңістік OPEN SPACE форматында биыл 16 қыркүйекте іске қосылды. Білім алушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 2020-2022 жылдары барлығы 51 оқу дәрісханасына күрделі жөндеу (оның 11-і демеушілер есебінен) жүргізіліп, оқу үдерісі талаптарына сай жабдықталды.

Баспанаға мұқтаж барлық студенттер жатақханамен қамтамасыз етілді. Олар үшін оқу ақысы, қоғамдық көлікте жол жүру, тамақтану жеңілдіктері бар. Еңбек нарығында өзін танытуға қабілетті, азаматтық ұстаным мен қоғамдық құндылықтарды бойына сіңірген білікті кадрлар даярлауда тәрбие жұмыстарының орны бөлек. Бұл үдерістерге университеттің 30% студентін біріктірген 22 жастар ұйымы барынша атсалысуда. БАҚ және әлеуметтік желілердегі белсенділіктің арқасында еліміздегі ең белсенді университеттер үштігіндегі орнымыз да берік.

Әрбір жоғары оқу орны қызметінің басты көрсеткіші – даярлаған кәсіби кадрлары. Өңір экономикасы салаларындағы мамандардың 80 пайызға жуығы университетіміздің түлектері. Олар қай жұмыста болмасын өз ісінің шебері атанып, өз университетінің дәрежесін көтеріп жүр. Құрылғалы бері қоғаммүддесі үшін 70 мыңдай кәсіби маман даярланса, соңғы бес жылдың өзінде (2018-2022 жж.) 7036 бакалавр, 1034 магистр түлеп ұшты.

ҚР  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  еліміздегі жоғары оқу орындарының алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл қатарда өңірлік жоғары оқу орындарын өңірдегі инновациялық, ғылыми-технологиялық, кадрлық және өндірістік белсенділіктің орталығына айналдыру, сонымен қатар, ғылым және жоғары білімді  сол өңірдің  нақты сұраныстарымен үндестіру  басым бағыттар ретінде  айқындалғаны белгілі. Демек, өңірдің жетекші кәсіпкерлік-инновациялық орталығына айналу әрі білім мен ғылымның жетістіктеріне сүйене отыра,  еліміздің өркендеуіне салмақты үлес қосу береке-бірлігі мол ұжымның ең  басты мақсаты болып қала бермек.

Мерейтой өткенді қорытындылайтын, бүгінгіні саралап, ертеңге бағдар құратын сәт десек, ұжым болып атқарған жасампаз  жұмыстарымыз игілігімізге айналып қана қоймай, кемел келешегімізге де берік іргетас болып қалануда. Мерейлі сәттің  ең батыл ойлар мен жаңа жоспарларды, тың бастамаларды өмірге әкелетініне сенемін. Халқымыздың данагөйі Қорқыт Баба есімін иеленген университеттің абыройы асқақтай берсін!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<