«Бал қылықты балалық»

1078

0

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Балалар жылы» аясында балдырған оқырмандар арасында ақын Адырбек Сопыбековтың шығармашылығы бойынша «Бал қылықты балалық»  атты мектепаралық байқау өткізілді.

Балалар ақыны А.Сопыбековтың туғанына биыл 85 жыл. Ақынның Отанға, елге деген сүйіспеншілікті арттырып, туған жердің тамаша табиғатын, қарапайым тұрмыс-тіршіліктің сан алуан қызықты сәттерін, баланың бал қылығын, мінез-құлқын, тапқырлығы мен батылдығын суреттейтін көркем әрі тартымды шығармалары көптеп саналады.

Айталық, «Күншуақ», «Көзілдірік», «Айға сапар», «Шешілген жұмбақ», «Кім қалай ұйықтайды?», «Көктем жыры», «Базарлық», «Айналайын» деп аталатын 20-дан астам жинағы баспадан шыққан. Өлеңдері орыс, беларусь, өзбек тілдеріне аударылған. Қарымды қаламгер өзінің туып-өскен ауданының тарихын кеңінен қамтитын энциклопедиялық жинақты дайындауға көп күш салып, қажырлы еңбек еткен. Сонымен қатар, уақыт ағымымен ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарды қайта қалпына келтіруге, тарихи жәдігерлердің жаңғыруына жанашырлықпен қарап, шығармашылық тұрғыда өлшеусіз үлесін қосқан.

Балалар арасындағы байқауды қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов ашты.

– Биылғы «Балалар жылы» аясында өңірдің руханият саласында жас бүлдіршіндердің шығармашылығына қолдау танытып,  әр сала бойынша таным деңгейін арттыратын, көптеген тәрбиелік жұмыстар жүргізілді. Соның жалғасы ақын А.Сопыбековтың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған бүгінгі іс-шараның да маңызы өте зор. Ақын шығармашылығын насихаттайтын осынау байқаудан балалардың бойына адамгершілік, әділдік, қайсарлық сынды қасиеттердің ұшқыны ұяласа, біздің түпкі мақсатымыз да – сол, – деді ол.

Белгілі ақын, журналист Мұхамеджан Нұрхан балаларға ақын өлеңдерінен үзінді оқып беріп, шығармалардың өмірлік өзектілігі мен өнегелік мазмұны жоғары екенін айтты.

Шығармашылық байқау екі кезең бойынша өткізілді.  Бірінші  кезеңде әр топ өз қалауы бойынша ақын жырларын мәнерлеп жатқа оқыса, екінші кезеңде балаларға арналған шығармасының желісімен сахналық көріністер қойылды. Байқау балалар арасында өткенімен, онда Арал тағдыры, айтыс өнері, ұстаз бен шәкірт арасындағы сүйіспеншілік, балалар арасындағы достық сияқты өмірлік өзекті тақырыптар сахналанды. Айта кетейік, балалардың шығарманың мазмұнын ашуға деген құштарлығы, таланты мен талпынысы көрермендерді тәнті етті.

Қорытындысында бас жүлдені №253 мектеп, І орынды Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейі, ІІ орынды Ә.Молдағұлова атындағы №173 мектеп оқушылары иеленсе, С.Әлжіков атындағы №144 мектеп пен А.Байтұрсынов атындағы №211 мектеп ІІІ орынды бөлісті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова оқушыларды дайындаған ұстаздар мен мәдениет саласының қызметкерлеріне алғыс хаттар табыс етті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<