Осы жылдың ақпан айында облыс әкімдігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірде ведомоствоаралық ынтымақтастықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерінің кешенді моделін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асырудың Жол картасын бекітіп, бірлескен іс-шаралар туралы меморандумға қол қойған болатын.
Осыған орай облыс әкімдігінде арнайы жиын өтті. Онда облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова осы бағытта атқарылатын жұмыстарды баян етті.
– Елбасы Н.Назарбаев кешегі өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде әлеуметтік мәселелерге ерекше тоқталып, бұл бағытта бірқатар нақты тапсырма берген еді. Яғни, халықтың әлеуметтік жағдайы әрдайым басты назарда болмақ. Ол үшін кешенді жоспар құрылып, жүйелі жұмыстар атқарылады, – деді басқарма басшысы.
Жалпы аймақта білім саласы бойынша тұрақты қолдау шаралары қолға алынған. Басқарма басшысының айтуынша, облыста 150 мыңнан астам оқушы бар, оның 33 процентке жуығы, яғни үштен бір бөлігі әлеуметтік қамқорлықты қажет етеді. Осыған сәйкес бүгінде аймақ басшысының қолдауымен 500-дей жас колледждерде, 900-ден астамы жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Сондай-ақ, осы оқу жылында демеушілер есебінен жинақталған 76 млн теңгеге 24 мыңдай оқушыға тиісті көмектер берілген.
Осы жиында облыстық білім басқармасы және «Арал балалары» қоғамдық қайырымдылық қоры арқылы балаларға арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынудың кешенді жоспары түзілген келісім-шартқа екі жақ тарапынан қол қойылып, меморандум аясында атап көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру жайы талқыланды.
Айта кетейік, «Арал балалары» қоғамдық қайырымдылық қоры он жылдан астам уақыт облыстағы қиын жағдайдағы отбасы балаларына кешенді көмек көрсету шараларын атқарып келеді. Дәлірек айтсақ, осындай жағдайдағы балаларға әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық және әлеуметтік-медициналық көмек беріледі. Сонымен бірге, сол отбасының тұрмыстық күрделі мәселелерін бірлесе шешу жолдары қарастырылады. Яғни, жобаның түпкі мақсаты – қандай жағдайда болмасын, баланың өміріне лайықты қолдау жасап, болашағын дұрыс бағыттау.
Жиын соңынан білім басқармасы және аталған қоғамдық қор «Бақытты отбасы» акциясы аясында 10 көпбалалы ананы мерекемен құттықтап, оларға арнайы сыйлықтар табыстады.
Ғазиза ӘБІЛДА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<