Бала емес, тұлға тәрбиелеу қажет

258

0

Бүгінгі таңда адамзаттың жоғары индустриалды және ақпаратты қоғамға қарқынды түрде өтуіне байланысты өркениеттің бет-бейнесі тұтастай өзгеруде. Елдің өркендеуі білім беру жүйесін, оның мазмұны мен құрылымын жаңартуды қажет етеді, яғни қазіргі қоғамның маңызды проблемаларының бірі – құбылмалы әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүріп қана қоймай, болып жатқан құбылысқа белсенді әсер ете отырып, оны жақсартуға бейім тұлғаны қалыптастыру.

Мұндай тұлға шығармашыл, белсенді, әлеуметтік жауапты, жақсы дамыған интеллект иесі, жоғары білімді, кәсіби сауатты болуы қажет. Жасөспірімдердің қалыптасу кезеңі мен жетілуді бастарынан өткізіп, болашақта қиын және күрделі өзгерістер арқылы ересектер әлеміне бейімделуі үшін көптеген дайындық керек. Бұлай дейтініміз, адам өмірден ең алдымен білім мен тәжірибе алады, әдептілік ережелерін, үлгілерін меңгереді, моральдық нормалар мен құндылықтарды қабылдайды. Сосын жасөспірімдер ерекше қасиеттерімен өз алдына әлеуметтік-демографиялық топ ретінде танылады.

Нарық заманында адамдардың экономикалық белсенділігі мен ынтасын жаңарту, жас ұрпақтың жаңаша өмір сүруіне, қызмет етуіне жағдай жасау керек. Жасөспірімдерді кәсіби бағыттау барысында олардың мамандыққа деген тұрақтылығы мен өзінің қабілеттілігін көрсете білу, болашақ мамандығына байланысты пәндерді тереңдеп оқу маңызды. Сондай-ақ болашақ қызметінің талаптарына жауап беретін жеке басының қасиеттерін дамыту, еріктілік және сенім қалыптастыру, өзінің қызметі, мамандық әлемі, еңбек нарығының жай-күйі туралы түсінік беру де ұстаздардың құзырында. Айта берсек баланы тұлға ретінде қалыптастыру жолында мұғалімнің еңбегі орасан.

Осы мақсаттарға жету үшін оқушылармен, ата-аналармен, басқа пән мұғалімдерімен бірлесе жұмыс істелуі қажет. Демек, оқушы мен ұстаз бір-бірінің жан дүниесін түсініп, ортақ іс-әрекеттің барысы мен нәтижесін бірігіп талдауы, бұл – кәсіптік бағдар берудегі басты міндет. Жасөспірімдерді білімді, жан-жақты етіп өсіруге әрбір ата-ана, мектеп және бүкіл жұртшылық болып жұмыла кіріскен нәтижелі болады.

Сондықтан оқушылардың сабақтан тыс білім үйірмелеріне қатысуы маңызды. Үйірмені ұйымдастыру мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің дарыны мен шығармашылық қабілеттерін дамыту,  тәжірибелік     іс-әрекеттер, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттыру. Үйірме сабақтары, оқушылардың жалпы және арнайы білімдерін кеңейтуге көмектеседі.

Бүгінде біздің мектепте де бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылып келеді. Елдің болашағы үшін бала бағбандары әлі талай шәкірттің жетілуіне еңбек етеріне сенім мол.

Бекзат СМАТУЛЛАЕВА,

Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектеп мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<