Елімізде балаларды ұрып-соғу, ұрлыққа жұмсау, қаңғыбастыққа итермелеу сынды теріс әрекеттерден қорғайтын заң бар. Әрі бала өз ойын, пікірін еркін жеткізуге құқылы. «Тәрбие талбесіктен басталады» дейтін дана халқымыз бала құқығын қорғауда талайға үлгі бола алады. Десе де, соңғы жылдары отбасындағы осы дәстүрден тым алшақтағандар қатары көбейді.
Бұл туралы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өткен жылды қорытындыллаған баспасөз мәслихатында аталған сот төрағасы Асхат Сабыров айтты.
Бүгінде облыстық кәмелетке толмағандар iсi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық соты өзiне жүктелген жауапты мiндеттi абыроймен атқарып келедi. Олар ата-аналардың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауына қатысты, кәмелеттiк жасқа толмағандарды әкiмшiлiк құқықбұзушылық жазасына тарту, олардың тұрғылықты жерiн анықтау, ата-ана құқығынан айыру және бала асырап алу мәселелерi бойынша iстердi қарап, шешiм шығарады.
Сот төрағасы Асхат Аббасұлының айтуынша, сот кәмелеттiк жасқа толмаған балалардың өмiрлiк тәжiрибесiнiң аздығын ескерiп, олардың құқықтарын арнайы мамандардың көмегiмен қорғайды. Сонымен қатар, сот отырысына баланың психологиялық жағдайын жақсы бiлетiн психологтар мен педагогтар қатысады. Олар сот шешiмi шыққанға дейiн кәмелетке толмағандардың мүдделерiн қорғап, заңның бұзылмауын, бала құқығының аяқасты болмауына күш салады.
– Бізге өткен жылдың 12 айында 9 азаматтық іс және 602 арыз, шағым түсіп, оның 417-сіне сот шешімі шықты. Ал биыл есептік кезеңде келіп түскен азаматтық істер 44,4%-ға азайып, талап арыздар көрсеткіші 2,6%-ға көбейген. Сондай-ақ, қылмыстық істер бойынша 65, үкім шығару арқылы 46, ұрлық және тонау фактілері бойынша 31, бұзақылық бойынша 6, электронды түрде 65 қылмыстық іс қаралды. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 150 іс түсіп, әкімшілік жазаға тарту туралы қаулы аясында 102 адамға қатысты іс аяқталды, – деді сот төрағасы.
Мұнан бөлек, әкелікті анықтау және алимент өндіру бойынша 48, ата-аналық құқығынан айыру аясында 106, баланың тұрғылықты мекен жайын анықтау мақсатында 89, баламен кездесу тәртібін анықтау үшін 60 іс қаралған.
Басты тәрбиенiң отбасында берiлетiнiн ескерсек, көп жағдайда ата-ананың баланың оғаш әрекетке баруына себепшi болатынын байқаймыз. Яғни, қадағалаусыз қалған бала өзiн еркiн сезiнiп, соның әсерiнен теріс жолға түскенiн аңғармай да қалады.
Өмірде әрбір адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып барады. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындау керек.
Жасөспірімдердің қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол ата-ананың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақытта немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне септігін тигізер еді.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<