Бала тәрбиесіндегі үздік үлгі

978

0

Рухани таным деңгейін айтпағанда, қарапайым қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үшін де көркем әдебиеттің пайдасы зор екенін уақыт көрсетіп отыр. Олай дейтініміз, осы күні ұялы телефонның ыңғайына жығылған жастар екі ауыз сөздің басын құрап, әңгімелесе алмайтын жағдайға жетті. Ал, бітпейтін тірліктің соңында жүрген ата-ананың баламен сөйлесуге уақыты жоқ.

Әуелде ауыз әдебиеті арқылы таралған халықтық аңыз-ертегілер, эпостық жырлар, қисса-дастандар ғасырлар бойы құнын жоғалтпай, әсіресе, ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алған. Өйткені шығарманың түп-төркіні адалдық пен сенімге, батырлық пен қайсарлыққа баулитын. Айталық,  Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын сынды батырлардың болмысы ер балалардың  қиялына қанат бітірсе, Қыз Жібек пен Баян сұлудай болсам деп армандамаған бұрымды қыз да жоқ шығар?

Бүгінгідей, жастың да, жасамыстың да жадын гаджеттер жаулаған уақытта көркем әдебиет оқудың маңызы қайтадан күн тәртібіне шықты. Иә, шындап кіріссе, шешілетін шаруа екен. Оған «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасының аясында мыңдаған жас жеткіншектің көркем әдебиет оқып, көңіл көкжиегін кеңейтуіне ықпал еткен жобаның авторы әрі жетекшісі, Қызылорда қаласындағы М.Ералиева атындағы Мәдениет үйінің директоры Нұрмат Мансұрмен әңгімелескенде көзіміз жетті. Аталған жобаға Сырдария ауданы бойынша 11 ауылдан, аудан орталығындағы 1 мектептен 1300 оқушы қатысқан.

– Биылғы «Балалар жылына» орай осы бастаманы қолға алған едік. Алдымен аудан әкімі М.Ергешбаевтың қабылдауында болып, аталған мәселе жайында ақылдастық. Ол кісі жобамызды толық қолдайтынын айтты. Сонымен, 5-7 сынып оқушылары үшін С.Мұратбековтің «Жабайы алма», ал, 8-10 сынып оқушыларына Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқуға ұсынып, екі ай уақыт бердік. Келіскен уақытта барлық қатысушыларға оқыған шығармасы бойынша эссе жаздырдық. Одан бөлек, жас оқырмандар шығарма желісі бойынша билетке жасырылған сауалдарға жауап беріп, ойға түйгенін ортаға салды. Осы тұста «Жеті атасын жатқа айту» деген де шартымыз болған. Бұл шарттан да балалар мүдірген жоқ.

Жас оқырмандардың «Жабайы алманы» оқу арқылы жақсылық пен жамандықтың, обал мен сауаптың, қиындыққа мойымайтын қайсарлық пен төзімділіктің мәнін түсінгенін аңғардық. Ал, «Ұшқан ұяны» оқығандар Бауыржан Момышұлындай тұлғаның  тағдырымен  танысып,  өмірлік ұстанымын үлгі тұтқандай. Міне, шындығында бұл бастамамыз біз ойлағаннан да артық нәтиже көрсетті, – дейді Нұрмат Мансұр. Осы орайда жоба авторы мектеп ұжымдарының, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің көп еңбегі бар екенін атап өтті.

Жоғарыда айтқанымыздай, жобаның бірінші кезеңіне 1300 оқушы қатысқан болса, екінші кезеңде соның ішінен іріктелген 100-ден астам бала қатысады. Өз кезегінде оларға басқа көркем шығарма оқуға беріледі. Ал, қорытынды кезеңде осы 100-ден астам оқырманның 10-ны жеңіс тұғырынан көрінсе,  оның ішінде бас жүлде иегері «2022 жылдың үздік оқырманы» атанады.

– Бұл жобаны қолға алғандағы мақсатымыз – бүгінде жалт-жұлт еткен  алдамшы ақпараттарға бой алдырып жатқан жастарымыздың бетін бері бұрып, ұлттық тәрбиеге баулу. Осы орайда келешекте Сыр өңірінен шыққан әдебиет өкілдерінің шығармаларын насихаттау да ойымызда бар. Қазіргі күні еліміздің білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Сондықтан алдағы уақытта бұл жобалар ортақ жүйесін тауып, облыстық деңгейге ұласса, артық болмас еді, – дейді жоба жетекшісі.

Жас оқырмандардың жетістігіне ҚР Мәдениет қайраткері Серік Ыдырысов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Қ.Есімсейітова (облыстық филиал басшысы), ақын Е.Әуезов, ғалым, ұстаз Р.Наурызбаева, «Құрмет» орденінің иегері М.Байдәулет, мәдениет саласының үздігі Н.Мансұр және  балалар ақыны Е.Әбдиев сынды белгілі қаламгерлер баға берді. Ал, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі А.Ибрагимұлы алқа құрамының мүшесі әрі  аталған жобаның ақпараттық демеушісі болды.

Айта кетейік, көркем әдебиет оқып, көп ішінен дара шыққан  балалардың еңбегі лайықты бағаланды. Аудан көлеміндегі Б.Құдайберген, М.Сәрсенбаев, С.Сұлтанов, А.Ералиев, М.Бисенов, Қ.Нұрсейітов, А.Ысқақов, Қ.Рүстемұлы, М.Әбілдаев, А.Құлыбаев, Ж.Жұмабаев, Ж.Сыздықов сияқты кәсіпкерлердің демеушілігімен оларға велосипед, смартсағат, басқа да бағалы сыйлықтар табысталды. Жалпы жүлде қоры 2 млн теңгеден астам қаржыны құрады.

Қорыта айтқанда, баланың сөздік қорын ұлғайтып, таным-түсінігін кеңейту үшін көркем әдебиетті оқытуға көбірек көңіл бөлу керек. Тіпті қажет болса, әрбір әулет арасында осындай сайыстар ұйымдастырып, балаларды ынталандырып, еңбегіне қарай сыйлықтар әперіп, кітап оқуға баулыса артық болмас еді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<