Бала танымының бағбаны

1452

0

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш Кекілбаевтың ұлағатты сөзі бар. Кітаптан асқан қазына жоқ. Адам баласы кітап оқу арқылы білім жинап, ой-өрісі дамып, өзін жаңа қырынан тани түседі.

Раушан Тәуекелова – Сырдария ауданы «Іңкәрдария» ауылындағы №191 орта мектепте кітапханашы. Жиырма жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Әр жылдары мектеп оқушыларына жаңа кітаптар топтамасын ұсынып, балалардың оқуға деген қабілеттерін аша түсуде аянбай еңбек етіп келеді.

– Ауыл балалары оқуға құштар. Жаңа шығармалар келген сайын ынтызарлықпен жаздырып алып, оқып жатады. Әрбір кітаптың өзіндік маңызы зор деп есептеймін. Алтын көмбенің сыры мен сипатын жүрекпен сезіне білу керек. Сонда ғана парасат-пайымыңды арттырып, танымың кеңейе түседі. Әр балаға сұранысына сай қажет дүниені тауып беріп, білім бұлағынан сусындату – кітапханашының міндеті, – дейді ол.

Жалпы №191 орта мектеп кітапханасы заманауи талапқа сай жабдықталған. Кітапхана жанынан арнайы коворкинг жасақталған. Бос уақытында оқырмандар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап, кітап оқуына болады. Тренингтер өткізіледі, көрмелер ұйымдастырылады. Сонымен қатар әдеби кеш, танымдық сағат, отбасылық жарыстар тұрақты өткізіліп отырады.

Бүгінде кітапхана қорында 12591 кітап сақтаулы. Оның ішінде 3769 – көркем әдебиет, 6630 – оқулық, 1606 – әдістеме, 586 – электронды оқулықтар. 230 оқырман тіркелген. 2021-2024 жылдар аралығында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынды. Ал биыл «Балалар кітапханасы» бағдарламасымен жұмыс жасалуда.

Раушан Тәуекелова – аудандық, облыстық кәсіподақ марапаттарының иегері. Өткен жылы «Үздік кітапханашы – 2023» байқауында жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<