Балабақша педагогтерінің жалақысы артады

326

0

Биыл қыркүйекте балабақша педагогтерінің жалақысы 30 пайызға артады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева айтты.

– Білім сапасы педагогтердің кәсіби құзыреттілік деңгейіне тікелей байланысты. Республиканың мектепке дейінгі ұйымдарында 98 мың педагог жұмыс істейді. Олардың 65,3 мыңының жоғары, ал 31 мыңының техникалық және кәсіптік білімі бар. Ауылдық жерде – 41596, қалалық жерде – 55811, мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымда 58203, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда 39714 педагог еңбек етіп жүр. Мемлекет басшысы тәрбиешілердің мәртебесін көтеру, кәсіби әлеуетін арттыру және жалақысын көтеру міндетін қойды. Биыл мектепке дейінгі ұйымдардың 20390 педагогінің біліктілігін арттыру жоспарланған, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, соңғы төрт жылда тәрбиешілердің жалақысы кезең-кезеңімен 25 пайызға өскен. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап жалақы тағы 30 пайызға өсетін болады. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үздік тәжірибелерін тарату үшін 79 мектепке дейінгі ұйымдарда тұрақты негізде «Құзыреттілік орталықтары» жұмыс істейді.

Балаларға арналған банк карталары

Балаларға банк карталарын ашу олардың қамқоршылары мен қорғаншылары үшін онлайн режимінде қолжетімді болады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің цифрландыру және автоматтандыру департаменті хабарлады.

– Оқу-ағарту министрлігі ЦДИАӨМ-мен және «ҰАТ» АҚ-мен бірлесе отырып, қорғаншылар мен қамқоршылардың келісімімен олардың қамқоршылығындағы 18 жасқа толмаған балалар туралы мәліметтерді беру бойынша екінші деңгейлі банктермен интеграциялық қызметті жүзеге асырды. Интеграция қорғаншылар мен қамқоршыларға банктік қызметтерді алу үшін қағаз жүзіндегі анықтамаларсыз, өздерінің мәртебесін онлайн растауға мүмкіндік береді, – деп атап көрсетті Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.

Бұрын балаға банк картасын тек ата-анасы ғана аша алатын. Енді бұл қызмет қорғаншылар мен қамқоршылар үшін де қолжетімді болады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінде мемлекеттік қызметтерді электронды және проактивті форматқа көшіру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жаңа цех

Арал қаласындағы «Республикалық маңызы бар №1 индустриялық аймақта» орналасқан «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру» жобасының жанынан «Тұшпара шығару» цехы іске қосылды.

Заманауи техникалық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін кәсіпорында күніне 50 қаптама дайын өнім өндіріліп, 3 жаңа жұмыс орны құрылды. «Арал тұшпарасы» өз тұтынушыларын сапалы өніммен қуантуға дайын.

«СБ» ақпарат

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<