Балабақшадағы тұз шахтасы

4470

2

Кейінгі жылдары әлемді шарлаған індет адамдардың жаңа идея тудыруына, күнделікті жұмыстарына жаңалық енгізуге түрткі болды десек, қателеспейміз. Өйткені технология дамыған заманда еш әрекетсіз отыра беруге әсте болмайтын еді. Міне, соны ескерген Қызылорда қаласындағы № 5 «Шаттық» балабақшасы бүлдіршіндерге арнап «Тұз шахтасы» емдік кабинетін іске қосты. Бұл мұндай кабинетті облыста ашқан алғашқы балабақша екенін де айта кеткен жөн.  «Балалар жылында» жүзеге асырылған тың жаңалық деуге тұрарлық.

Бүлдіршіндер арасында ауруды болдырмаудың бірден-бір жолы – тұз шахтасын ашу. Балабақша меңгерушісі Гүлден Сапабекова осы идеяны жүзеге асыру үшін тыным таппаған.

Бізде ерекше күтімді қажет ететін 46 бала бар. Әр баланың денсаулығы бірінші орында тұрады. Сондықтан осындай бөлме ашуды қолға алдық. Мұнда әр топтағы балалар келіп, 10 минуттай ішінде ойнайды. Алдымен бөлмені желдетіп аламыз. Одан кейін тұз қоспасы бар арнайы құрылғы тоққа қосылып тұрады. Сол тұзды ауаны жұту балаларға өте пайдалы, – дейді меңгеруші.

Бүгінде психологтар баланың саусақ ұшындағы ұсақ моторикасын дамытуда құммен ойнаудың маңызы зор екенін айтады. Бұл да сол секілді. Бөлменің қабырғалары түгел тұздан тұрады. Жерге төселген тұзда әртүрлі ойыншықтармен ойнау да балаларды зеріктірмейді.  Мұндай бөлме түрлі респираторлық және тері ауруларына шалдыққандарға ем екенін білеміз. Бір дерек келтіре кетейік. Польша дәрігері Боцковский Украинаның Краков қаласындағы Величка тұз шахталарында тұз өндірушілердің денсаулығының жақсы екенін бақылап, зерттеген екен. Тұз терапиясының тағы бір артықшылығы, көңіл-күйді жақсартуға көмектесетін иондарға бай екені де дәлелденген. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің құрылғанына биыл 50 жыл толып отыр.  Он жылдай осы білім беру ұйымын басқарған Гүлден  Жантасқызының басшылық қызметтегі іскерлігі, ұйымдастырушылығы, креативтілігі көпке үлгі деуге болады.

– Балалармен жұмыс жасағаныма 36 жылдай уақыт болыпты. Кейінгі 10 жылда осы мекеменің меңгерушісімін. Алғашында №5 «Шаттық» балабақшасында ерекше күтімді қажет ететін 36 балаға арналған үш топ ашуды ұйымдастыру жобасын 2018 жылы бастаған едік. Қаладағы педагогикалық-медициналық-психологиялық кабинеттермен байланыс орнаттық. Ондағы мамандардың кеңесіне жүгіндік. Бізге келетін тәрбиеленушілердің контингентін саралап, тұжырымдама беретін. Сөйтіп сөйлеу есту және көру мүшесінде кемшілігі бар, ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді денсаулығы қалыпты балалармен бірге тәрбиелеуді бастадық. Сурдопедагог, тифлопедагог, окулист, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог, дене шынықтыру нұсқаушысы мамандарын қызметке қабылдадық. Арнайы кабинеттер ашылып, емдік-түзету аппараттары, дидактикалық ойындар алынды. Ерекше күтімді қажет ететін балалар келе бастағанда оңай болмады. Құлағы естімейтін, екі көзі көрмейтін зағип, аутист, Даун синдромы, қимыл-қозғалысының бұзылысы бар балалармен жұмысты ойдағыдай жүргізе аламыз ба деген іштей қорқыныштың болғанын жасырмаймын. Өйткені, қаладағы мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарында инклюзивті топтардың болмауы себепті, қалыпты және ерекше күтімді қажет ететін балаларды бірлесіп оқыту тәжірибесі жоқ еді.  Бастапқыда кімнен кеңес, үлгі аларымызды білмедік. Жан-жақты ізденуге тура келді. Ғаламтор ақтардық. Мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында туындаған мәселелер шешімін таба бастады. Ал бүгінде инклюзив топтары бар мекемелерге іс-тәжірибемізді үйретіп, ақыл-кеңес беруге жарап қалдық. Бір айта кетерлігі, жетістікке жету үшін, ең бірінші, сол ерекше күтімді қажет ететін баланың ата-анасымен тығыз байланыс орнату керек. Соның нәтижесінде балабақшадан бастап болашақ өмірге бейімдеу, дені сау адамдардың арасында өздерін жайлы сезіну, оқуда жетістікке, жақсы өмір сүру деңгейіне дейін жеткізуге болады. Өйткені, ерекше күтімді қажет ететін балаларды қалыпты балалар тобында тәрбиелеу, олардың өзін-өзі бағалауын жоғарылатып, өздерін ешкімнен кем санамай, тең көруіне де мүмкіндік береді, – дейді балабақша меңгерушісі.

Қазір балалардың көбі гиперактивті болғандықтан, оларға қарау да қиын. Тынымсыз қозғалатын кішкентайлардың соңына бір адам керек-ақ. Ал денсаулығында кінәраты бар балаға қарау ата-анаға екі есе күш түсіретіні белгілі. Сондықтан ата-аналар ерекше күтімді қажет ететін балаларын осындай сенімді мамандардың қарауына қалдырып, жұмысқа қосылуға да мүмкіндік алып отыр.

Қуанса, бала қуансын. Мүмкіндігі шектеулі баласының дені сау қатарымен  тең өскенін көру – ата-ана үшін бір бақыт. Мемлекеттен көрсетілетін қызметтің игілігін көріп, нәтижелі жұмыстың жемісін татып отырған  олардың қуанышы бір төбе. Ендеше «Балалар жылында» басталған игілікті іс берекелі болсын дейміз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<