Өткен жексенебі күні Шиелі ауданы «Бәйгеқұм» ауылында ұланасыр ас берілді. Баяғы қазақ әңгімелерінде айтылатын үш жүзге сауын айтқан астың үлгісінде жасалған дүбірлі жиын 18-ғасырда өмір сүріп, ел басқарған ерен тұлға, би-шешендігімен халық жадында сақталған Балаби мен оның өмірден өткен ұрпақтарына дұға бағыштауға арналды.
Ас бағдарламасында бәйге беріліп, палуан күресіп, жүйрік ақындар айтыс, мүшәйра сынында жарысып, театр қойылымы көрсетілді. Халық алдында Құран оқылып, оннан аса ақшаңқан үйлерде дастарқан жайылды.
Сахна төріндегі өнерпаздар мен бозкілемге шыққан палуандар қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды. Аста аудан әкімі А.Жандарбеков сөз сөйлеп, ағайын жұртты ынтымаққа, бірлікке үндеген ел ардақтыларын еске алудың маңызына тоқталды.
Асқа арнайы келген «Саутс-Ойл» мұнай компаниясының президенті, техника ғылымдарының докторы Серікжан Сейітжанов, «Марсель Групп» компаниясының президенті, белгілі кәсіпкер Махмұт Нәлібаев бәйгеқұмдық жұртшылыққа игі тілектерін жеткізді.
Ел рухын көтерген дәрежеде өткен алқалы асқа жиылған ел-жұрт осындай ауқымды шараны қолға алып, қаржы салған Қызылорда қаласының және Шиелі ауданының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер-меценат, Балабидің төртінші ұрпағы Темірхан Әлімқұловқа алғыс білдірді.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<