Балалар – қоғамның ең әлсіз, қорғансыз бөлігі. Олардың құқығын қорғау – баршамыздың борышымыз. Биылғы «Балалар жылында» бұл жұмыс әдеттегіден қарқынды жүргізілуі керек.
Облыстық прокуратура жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, балалардың бостандығы мен құқықтарын қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын бекітті.
Осы жоспардың орындалу барысын және талдау, зерделеу қорытындылары бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық прокуратурада үйлестіру кеңесі өтті.
Кеңесте орта және арнаулы білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың, суицидтің алдын алуға, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыстарын болғызбауға баса назар аударылды. Кейінгі жылдары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар, балаларға қарсы жасалған жат қылықтар қоғамда белең алып, бұқараның наразылығын туғызуда.
Облыстық прокуратура кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтардың басты себебін полиция мен білім беру саласының бірлескен профилактикалық шараларының жеткіліксіздігінен деп отыр. Бір реттік акцияны дағдыға айналдырып, тиісті жұмыстарда жүйе болмаған. Салдарынан жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаймай отыр.
Бұдан басқа денсаулық сақтау ұйымдары кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылықтың бұзылғанын дер кезінде анықталмағаны мәлім болды. Білім басқармасы оқушылар мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты дұрыс орнатпай, жасөспірімдер қадағалаусыз қалуда. Әрекетсіздік соңы тәртіпке бағынбауға, қылмысқа жол ашып отыр.
Мәселен, былтыр жыл бойы кәмелетке толмағандар 64 қылмыстық құқық бұзушылық жасап, алдыңғы жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталып тұр. Биылғы 5 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың 16 дерегі тіркелген.
Осылайша қоғамнан алшақтап, жұмыссыз қалған жастардың тіршілігі күрделеніп, жасөспірімдер арасындағы қылмыс төмендемей отыр. Тіпті қала және аудан орталықтарында жасөспірімдер арасында аудан-ауданға бөлінген шағын топтар құрылған. Олардың бір-бірімен төбелесуі, пышақ, қару алып жүру фактілері де тыйылмауда. Өзін осындай бұзақы топқа мүше ретінде санайтын жасөспірімдер қылмыс әлеміндегі оқиғаларға еліктеп, соңы түрлі қайғылы жағдайларға жеткізіп жатыр. Мысалы, политехникалық колледждің 17 жастағы 2-курс студенті қару қолданып, бұзақылық жасағаны үшін (ҚК 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып) 3 жылға шартты түрде сотталған. Алайда оған қатысты сотқа дейінгі пробация қолданылмағаны белгілі болды. Соның салдарынан 17 жастағы студент 4 күннен кейін тағы да бір адамды қоғамдық орында пышақтап, бұзақылық жасап, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды. Бұның барлығы жергілікті уәкілетті органдардың өз қызметтерін тиісті дәрежеде атқармауынан. Керісінше, оқу орындарының басшылары оқушылары жасаған құқық бұзушылықты жасыруға тырысады. Құқық бұзуға бейім балалар арасында уақытылы тиісті профилактикалық шаралар атқарылса, мәселе ушықпас еді.
Ең сорақысы, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар 5 айда 71%-ке күрт өскені қатты алаңдатады. Аталған санаттағы қылмыстардың басым көпшілігін жұмыссыздар, бұрын сотты болғандар және жақын туыстары жасаған. Бұл ретте де уәкілетті органдар жұмысы мардымсыз, үйлесімділік жетіспейді.
Кәмелетке толмағандар арасында суицидті болдырмауда да оң нәтиже жоқ. Суицидтің алдын алу бағдарламасына мемлекеттік бюджеттен 2017 жылдан бастап 303 млн теңге қаржы бөлінгенімен, нәтижесі байқалмай отыр. Биылдың өзінде бұл салаға 43 млн теңге бағытталса да, жыл ортасына жеттік, келісім-шарт әлі жасалмаған. Сондықтан бұл қаражаттың қайда, не мақсатқа жұмсалатыны күмән туғызады.
Үйлестіру кеңесінде осыған қатысты жұмысшы тобын құрып, қаражаттың мақсатты игерілуін тексеріп, бақылау жасау керектігі тапсырылды. Жоғарыда аталған олқылықтардың барлығы кеңесте қаралып, бала құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бағытындағы іс-шаралар белгіленді. Білім басқармасына оқушылар арасында жыныстық қол сұғылмаушылық және ұрып-соғу деректері бойынша қосымша жасырын сауалнама жүргізу, оқу орындарынан оқушыларды тек ата-анасының алып кету тәжірибесін енгізу тапсырылды. Денсаулық сақтау басқармасына кәмелетке толмағандарды скринингтен өткізуді жандандыру жүктелді. Полицияға түнгі мезгілде рейдтік шараларды және қолайсыз отбасында тәрбиеленетін оқушыларға қадағалауды күшейту міндеттелді.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық прокуратураның басты назарында және үйлестіруші орган ретінде де қатаң бақылауында болады.
М.Мерей
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<