Балалар әдебиетінің бәйтерегі

3384

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханасында  қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Қазақтың дара жазушысы» атты әдеби кеш өтті.

Әдеби мазмұнды жиынға жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бегімбай Ұзақбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының басшысы Қаршыға Есімсейітова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айман Айтбаева және басқа да зиялы қауым, БАҚ өкілдері, «Ашық» университеті және Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің, «Өркениет» медициналық колледжінің студенттері қатысты.

Кеште алғаш сөз алған жазушы Бегімбай Ұзақбаев, ақын Дүйсенбек Аяшұлы қазақ әдебиетінің алтын дәуірінің көрнекті өкілі, бабалар әдебиетін биік деңгейге көтерген Бердібек Соқпақбаев шығармашылығындағы шынайылықты, әділдікті, ерекше талантпен үйлесім тапқан көркемдікті атап өтті. Сондай-ақ қаламгердің қоғам келбетін айнытпай суреттеп, оған бала жүрегі арқылы баға беретін шеберлігін сөз етті.  Иә, ол уақытта әдеби көркем шығармалар, кинотуындылар қатаң цензурадан өтетін. Қоғамдағы ақиқатты ашық айтуға жол берілмейтін. Ал жазушы Б.Соқпақбаев өз шығармаларында осындай өзекті жайттарды балалар болмысына сыйдырып, жеп-жеңіл жеткізетін. Мысалы, оның «Менің атым – Қожа» повесіндегі басты кейіпкер Қожаның бір сөзінде «Фамилиям Қадыров, кейде Қадырұлы деп жазғым келеді. Бірақ қасымдағылардың бәрі сондай болған соң Қадыров деп жазамын» дейтіні бар. Аңдаған адамға осы бірауыз сөздің өзінде терең ой жатыр.

Сан қырлы талант иесін ерте есейткен ауырлау балалық шағы, тартысты тағдыры, соқтықпалы, соқпақты шығармашылық жолы туралы әңгімелеген қаламгер Қаршыға Есімсейітова жазушы Б.Соқпақбаевтың өзі өмір сүрген қоғамда таланты, еңбегі лайықты бағаланбағанын, шығармашылығы жеңістер мен жеңілістерден тұратынын атап өтті. Ал оның бір себебі, жазушының қоғамдағы қайшылықтарды бүкпесіз айтып, батыл сынайтын турашыл мінезі болатын.

– Биыл Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы, сонымен бірге, қазақ әдебиетінде айшықты қолтаңбасы бар дара қаламгердің бірі – Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Жазушының  шығармаларын оқығанда бала кезіміз еске түсіп, еріксіз ойға жетелейді. Қай шығармасы болсын, басты кейіпкер жазушының өзі. Мысалы, «Менің атым – Қожа» повесі алғашында «Өзім туралы повесть» деп аталған. Сол тұста өзіміздің әдеби ортада лайықты бағаланбаған осы шығарма желісімен кейіннен «Kaнн» фестивалінде арнайы жүлдені жеңіп алған көркем фильм түсірілген еді, – деді Қ.Есімсейітова.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айман Айтбаева жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» романын талдады.

– Шығармада жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ұрпақтың өмірі жайлы айтылады. Басты кейіпкер Еркіннің басынан кешкен қилы оқиғалар, махаббат дерті, ащысы мен тұщысы, қиындығы мен қызығы қатар отбасылық өмір, мұғалімдік қызмет етудегі таласты-тартысты күндері, яғни, қоғамдағы қалыбы, ұстанымы баяндалады. Осының бәрін жеңіп шыққан кейіпкердің болмысы қажырлылық пен төзімділіктің көрінісі. Демек шығарманың түйіні – өмірге деген құштарлық, – деді А.Айтбаева. 

Әдеби мазмұнды кеште жас талант, бірнеше халықаралық конкурстардың лауреаты Ержігіт Сармырзаев «Менің атым – Қожа» повесінен монолог оқыса, облыстық филармония әншілері ән-жырмен әрледі. Кеш барысында оқырмандар назарына «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты кең көлемді кітап көрмесі ұсынылды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<