Қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күніне орай Қызылорда қаласындағы «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында эстафеталық сайыс өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, «Әкелер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Ержан Ескендір қатысты.
Аталған мереке биыл елімізде өзгеше форматта өрбіді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес, 2-8 қыркүйек аралығында әр күнге тақырыптық бағыттар бекітілді. Мазмұнды іс-шаралардан «Атамекен» балалар ауылы да қалыс қалған жоқ.
Эстафеталық жарыстың ерекшелігі, тәрбиеленушілер өздеріне қамқорлық көрсетіп жүрген беделді азаматтардың жетекшілігімен командаларға бөлініп, төрт кезең бойынша сынға түсті. Олардың қатарында облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев, облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов, Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Медет Жорабек және тағы басқалар бар.
– Мұндай іс-шаралар Отбасы күні қарсаңында ғана емес, жыл бойы жалғасуы қажет деп есептеймін. Өйткені бұл отбасы құндылықтарын насихаттауға, жас ұрпақтың санасына ұлттық идеологияны сіңіруге септігін тигізеді, – деді Шахмардан Байманов.
«Әкелер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Ержан Ескендір өз кезегінде ұлттың тірегі мен алтын діңгегіне айналған отбасы құндылығын сақтауда әкелер ролі жоғары екенін, бүгінгі шара соны күшейтуге бағытталғанын жеткізді.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімованың айтуынша, мұнда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған түрлі ұлт өкілдерінің балалары тәрбиеленуде. Олар «Үшқоңыр», «Байқоңыр», «Ақжайық», «Оқжетпес», «Ұлытау», «Мадияр», «Сарыарқа» сияқты үйлерде тұрып жатыр.
– Осыдан үш жыл бұрын Отбасы күніне орай жаңа жоба бастағанбыз. Әр отбасына тәлімгер әке мен ана белгіленіп, балаларға қамқорлық көрсетіп келеді. Балалар тәрбиеші аналармен бірге тұрып жатыр. Ал бүгінгі шара әке ролін күшейту мақсатында «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі филиалының ұсынысымен өткізілуде, – деді ол.
Спорттық сын нәтижесінде үздік боп алға шыққан командалар арнайы жүлделер мен кубоктарға ие болды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<