Балалар жылы әр өңірде әртүрлі аталып, өңір әкімдері түрлі нысандар табыс етуде. Қызылордада балалардың игілігіне бір мезетте 80 спорт-ойын алаңы тарту етілген. Бұл туралы «Бетпе-бет» бағдарламасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
– Балалар – біздің болашағымыз, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, барлық жағдай жасауға мүдделіміз. Мемлекет басшысының биыл жариялаған «Балалар жылына» тарту ретінде демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңын пайдалануға бердік. Тек қаланың ортасында ғана емес, шеткері аймақтарда да ойын алаңдары салынды. Бұл жұмыстарды келесі жылы да жалғастырамыз.
Балалар үшін тағы бір қомақты сый жасадық. «ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылордада заманауи 350 орындық Оқушылар сарайын салуға ниет білдірді. Жаңа үлгідегі Оқушылар сарайында дарынды балалардың жан-жақты білім алуына мүмкіндік жасаймыз, – деді өңір басшысы.
Қызылорда облысында бала туу көрсеткішінің қарқыны жоғары. Осыған орай, жеке мектептердің де үлесі көбеюде. Аймақта білім саласына инвестиция құйған кәсіпкерлер аз емес. Қазірдің өзінде өңірде 21 жеке мектеп жұмыс істесе, алдағы 3 жылда кәсіпкерлеріміз 12 мектеп салуға ниет білдірген.
Аймақта апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн.теңге қаржыға қайта салынуда.
– Алдағы 3 жылда 64 балабақша ашу жоспарымызда бар. 11 мыңға жуық бүлдіршінді қамтимыз. Осылайша өңірде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% көрсеткішке жеткіземіз, – деді облыс әкімі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<