Аймақта Балалар жылына орай 28 мектептен инклюзивті қолдау кабинеті, 47 балабақшадан логопункт және 2 ауданнан инклюзивтік ресурстық орталық пен 2 балабақшадан аутизм кабинеті ашылады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Олар балаларға әлеуметтік психологиялық-педагогикалық және түзету арқылы қолдау көрсетіп, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың бұзылысына қарай жағдай жасалатын болады.
Айта кетейік, ағымдағы жылы өңіріміздегі мемлекеттік балабақшалар арнайы маман және кабинеттермен 100% қамтамасыз етіледі. Онда ерекше балалармен тәжірибелі арнайы мамандар жұмыс жасайтын болады. Оңалту және психологиялық-педагогикалық түзету қызметтері мемлекеттік қызмет болып есептеледі және ол тегін көрсетіледі.
Облыстық білім басқармасы ПМПК желісін 50 000 балаға жеткізу мақсатында 2023 жылы 1 ПМПК ашу жоспарлап отыр. Осылайша, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау айтарлықтай кеңейіп келеді, бұл балалар мүгедектігінің алдын алуға және азайтуға ықпал етеді, – деп түсіндірді балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісова.
Сонымен қатар арнайы білім беру ұйымдарының желісін арттыру жоспарлануда. Бүгінгі күні облысымызда 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 9 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 3 оңалту орталығы және 3 арнайы мектеп интернаттары жұмыс жасаған болса, Балалар жылы қарсаңында биыл 1 аутизм орталығы ашылып отыр.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы«
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<