Аралда әлеуметтік нысандар ашылды
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды ашты. Аймақ басшысы алдымен аудан орталығындағы бүгінге дейін апатты деп танылған мектептің орнына жаңадан салынған №71 орта мектебіне барып, оқушыларға игі тілегін арнады.
– Мемлекет үшін де, адам үшін де бала өмірінен қымбат байлық жоқ. Сондықтан да, өткен жылы мектеп ғимаратының құрылысы басталып, өз уақытына сай жаңа оқу жылында пайдаланылуға берілді. Осы кезге дейін №71 мектеп-интернатының ескі мектеп ғимараты апатты деп танылып келді. Енді ол қауіп жойылды. Елдің ардагерлері мен ұстаз қауымының сұранысы толық өтелді.
Білім жолында еңбекқорлықтың өлшеусіз үлгісін көрсетер ұстаздар қауымының ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі еңбектеріне сәттілік тілеймін! – деді Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы өңірде апатты деп танылған 4 мектептің 3-нің мәселесі биыл шешім тауып, оның екеуі қыркүйек айында табысталатынын айтты. Ауданға қарасты Тоқабай елді мекенінде пайдалануға жарамсыз деп танылған №248 орта мектеп жеке инвестор есебінен қайта салынуда. Ауылдағы 11 сынып оқушыларының барлығы биыл мемлекеттік грант иегері атанған.
Мұнан бөлек, алдағы 3 жылда Арал ауданының өзінде 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, жаңа нысандар бой көтермек. Оның ішінде, асарлату әдісімен салынған Сапақ ауылдық округіндегі №69 орта мектеп пен Мергенсай елді мекеніндегі №58 орта мектебі келесі жылы салынатын мектептер тізімінде тұр. Жалпы Сыр елінде алдағы 3 жылда 32 мектеп салынбақ.
Салтанатты шарада ардагер ұстаз Нұралы Оспанов, қоғам қайраткері Биғали Қаюпов жаңа мектеп ғимаратының ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, Арал ауданының құрметті азаматы, дербес зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетов оқушыларға ақ батасын арнап, білім ордасының жұмысына сәттілік тіледі.
Әрі қарай облыс әкімі Жақсықылыш кентіндегі «Асылым» жеке балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты. Жаңадан бой көтерген нысан 140 бүлдіршінге арналған. Облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, білім саласына инвестиция құйған кәсіпкерге алғыс білдірді.
– «Балалар жылы» аясында биыл облыста бюджет қаражаты есебінен 6 жаңа мектеп, 3 балабақша құрылысы жүруде. Одан бөлек, жеке мектептер, балабақшалар салынуда. Жеке мектептер саны 20-ға жетті. Өңірдегі 678 балабақшаның 400-ге жуығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы, демеушілер қаражаты есебінен салынды. Арал ауданында да 20-ға тарта жеке балабақша бар. Аймақтың білім саласын дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге алғыс білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, қоғам қайраткері Имамаддин Оңғарбаев аймақта атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталып, облыс басшылығының жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде еңбек ардагері Баймырза Жұбаниязов жаңа нысанның бой көтеруіне атсалысқан ел ағаларына алғыс айтып, батасын берді.
Айта кетейік, бүгінде Арал өңірі 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен 100 процент қамтыған ауданның бірі. 2025 жылға қарай ауданда 16 жеке балабақша және 4 мектеп жанынан шағын орталық ашылмақ.
Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев Аралқұм ауылдық округі, Шөміш елді мекеніндегі «Латон-Маркет» ЖШС-нің демеушілігімен салынған әмбебап кіші спорт алаңын көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті.
– Балаларға тарту ретінде өңірде парктер, скверлер салынуда. Жақында ғана Жаңақорғанда меценат 750 миллион теңгеге парк салу ісіне белсене кірісті. Ал, демеушілердің қолдауымен қалада 50, аудандарда 30 балалар алаңы бой көтереді. Тағы бір жанашыр азамат 1,5 млрд теңгеге «Анаға тағзым» алаңын салып беруге ниет білдірді. Міне, осындай шағын алаңдарды балалардың игілігі үшін табыстау үлкен игілікті іс деп санаймыз, – деді облыс әкімі.
Аумағы 800 шаршы метрді құрайтын теміртормен қапталған алаңда 6 жарықшам қойылып, газон төселген. Спорт алаңына келген жастар облыс әкімімен тілдесті.
Мұнан кейін өңір басшысы «Aral Quarts» кварц құмын байыту тау-кен комбинатына барды. Жылына 120 мың тонна кварц құмын өндіретін кәсіпорын алғашқы кезеңде 40 маманды жұмыспен қамтыса, екінші кезеңде 172 мың тонна құрғақ құрылыс ұнтағын шығаруға ден қойып, 88 маман еңбекке тартылды. Өндіріс орны ішкі нарықты 80 пайыз өніммен қамтиды.
Нұрлыбек Нәлібаев шыны зауытына қажетті өнімді осы өндіріс қамтамасыз етуі керек екендігін алға тартып, комбинат жұмысын бағдарлады. Кәсіпорын айына 5,5-6 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда 3,5 мың тонна өнім дайындалған.
Мұнан кейін, өңір басшысы Аманөткел ауылдық округіне барып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған денешынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.
– Спорт – ел мерейін асырып, абыройын арттыратын ауқымды сала. Өңірде «Балалар жылы» аясында демеушілердің қолдауымен 80 ойын алаңы салынуда. Арал ауданында соның 5-уі жыл аяғына дейін аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады. Бұл кешенде байрақты бәсекелерде, Олимп шыңында көк туымызды желбіретер даңқты спортшылар жаттығып шығарына сенімдімін, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, спортпен шұғылдануға ниетті жастармен жүздесіп, пікірлесті. Іс-шара барысында қоғам қайраткері Имамаддин Оңғарбаев жаңа кешен жұмысына сәттілік тілеп, өз лебізін жеткізді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсұт Ералиев Аманөткел ауылының тумасы, боксшы, белгілі бапкер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Кеңес Омаров секілді дарынды спортшылар көптеп шыға берсін деген тілек білдірді.
Денешынықтыру және сауықтыру кешенінде бір мезетте 40 баланың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнай алады. Айту керек, мұндай денешынықтыру-сауықтыру кешені Жақсықылыш кенті мен Қамыстыбас елді мекенінде де салынуда.
Облыс әкімі Аралдың Қамыстыбас ауылдық округінде құтқару бөлімшесінің модульдік станциясының жұмысын көрді.
9 бөлмеден тұратын бөлімшеде медициналық пункт, кезекші диспетчерлік және компрессорлық бөлме қамтылған. Аумағы 250 шаршы метрді құрайтын орталық төтенше жағдай кезінде тұрғындарға оперативті көмекті жылдам үйлестіруге мүмкіндік береді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Мейрамбек Доспамбетовтың айтуынша, Қамыстыбастағы құтқару бөлімшесі бұған дейін лагерь ғимаратының бір бөлігін жалға алып отырған. Енді төтенше жағдайлар департаментінің ұсынысы облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, жаңа бекет салынды. Құтқару бөлімшесі Ақтөбе облысына дейінгі аумақта судағы қауіпсіздік, жол-көлік оқиғалары бойынша қызмет көрсетеді.
Арал ауданындағы сапары аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан әкіміне Президент Жолдауынан туындаған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<