Аймақта жасөспірімдерді және балаларды әлеуметтік қолдау және оларға қауіпсіз орта қалыптастыру басты назарда.
Мәселен, 1-4 сыныптарда оқитын 66 мыңнан астам бала мен әлеуметтік осал отбасыдан шыққан 1-11 сыныптардағы 20 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.
Сондай-ақ, оқушыларды қауіпсіз және жайлы тасымалмен қамту бағытында 30 автобус жаңаланды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов хабарлады.
– Облысымызда 7 835 ерекше білім беруді қажет ететін балалар бар. Аталмыш санаттағы балалардың ой-танымын жақсарту мақсатында инклюзивті дамытудың жол картасымен мемлекеттік балабақшалар логопунктпен жабдықталып, арнайы мамандар қарастырылды. Ал 170 мектепте инклюзивтік қолдау кабинеттері, 8 мектепте инклюзивтік ресурстық орталықтар ашылды. Қазіргі таңда онда 417 арнайы маман қызмет көрсетеді. Жалпы өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Бұл ретте облыс әкімдігінің қаулысы негізінде «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылды. Жаңа орталық – балалардың ой-танымын арттыруға, спорттық қабілетін шыңдауға, жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталатын болады. Сонымен қатар, психологтардың кәсіби біліктілігін арттырып, әдістемелік қолдау бағытында «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» жұмысын бастайды, – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Брифинг барысында басқарма басшысы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Басқарма басшысы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын еңбек нарығына қажетті мамандықтармен толығуын назарда ұстап, жаңа қабілеттер мен дағдыларды қалыптастыратын оқу орталықтарына айналуы керектігін тілге тиек етті.
– Өңірімізде 28 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Бүгінде онда 20 213 студент 94 мамандық және 158 біліктілік бойынша білім алуда. Қазіргі таңда колледждерде кәсіпорындардың сұранысы бойынша мақсатты даярлау енгізілуде. Алдағы уақытта еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды қалыптастыру міндеті тұр. Тиісінше, алдағы 5 жылдықта экономикалық өндірістік дамуына талдау жасалып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа мамандықтарға оқыту жүзеге асырылады, – деді Асқарбек Есжанов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<