Бүгін Арал қаласындағы №83 орта мектепте аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шараға ауданға қарасты 48 мектептен жиналған 100 бала қатысты.
Дәстүрге айналған мерекелік шара ертегілер кейіпкерлерінің қойылымымен бастау алды. Мұнда келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлайтын ертегі әлемінің сәнді де шуақты көрінісі бейнеленген. Мектеп ауласындағы көрікті қыстың керемет көріністері де көңілге жылу ұялатады. Шат көңіл балдырғандардың қуанышына аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Құрметті балалар! Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Сіздерді және осындағы ата-аналар қауымын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Жаңа жылды қарсы алу – жаңа армандармен қауышу. Бүгінгі жүзеге асырылып жатқан игіліктердің барлығы тек Сіздердің болашақтарыңыз үшін жасалуда. Енді санаулы күндерден кейін 2024 жылмен қоштасып, жаңа 2025 жылдың түндігін түреміз. Қазақша жыл қайырумен есптейтін болсақ, төрімізге енгелі тұрған жыл Жылан жылы. Жылан жылына үмітпен қарап, жағымды жаңалықтар күтеміз. Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы. Әрбіріміздің болашаққа бағдар құратын және үлкен міндеттерді орындауға иек артатын кезең. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жаңа жыл толағай табысы мен ырзық несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін! – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған балалар ән-жырдан шашу шашып, би биледі. Өнерпаз бүлдіршіндер өнерлерін ортаға салып, мерекелік кештің сәнін келтірді. Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті. Ән де айтылып, би де биледі.
Сонымен бірге, кеште аудан әкімінің атынан балаларға арнайы сый-сыяпаттар табысталып, мерекелік тәтті дәм ұсынылды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<