Балаларға базарлық

520

0

Қала әкімі Асылбек Шәменов пен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов Мемлекет басшысына хат жолдаған балалардың үйлеріне арнайы барып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері әзірлеген мерекенің қонағы болып, ақжарма тілегін жеткізді.

Шаһар басшысы балаларға ел Тәуелсіздігі туралы әңгімелеп, мемлекетіміз әрбір азаматтың білімді, салауатты болуы үшін барлық игіліктермен қамтып отырғанын, жаңа мектептер, спорт және ойын алаңдары салынып жатқанын атап өтті.

– Барлықтарыңды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Сендер еркін елдің азаматысыңдар. Отанымыз қуатты елге айналуда. Қазақстанның жарқын болашағы өздеріңмен байланысты. Сендермен бірге Қызылорда қаласы өсіп-өркендеп келеді. Қаламыздың басты байлығы – тұрғындары. Бізге әрқашан білімді, білікті мамандар керек. Сондықтан жақсы оқыңдар, талапты болыңдар. Өмірлерің табысты болсын! Болашақтарың баянды болсын! Жаңа жыл әрбіріңе жақсылығымен келсін, – деді қала әкімі.

Қала әкімі Президентке хат жолдаған Нұрдәулет Салабат пен Роман Дмитриевке ұялы телефон мен планшет табыстады.

– Мен хатымда Президентпен кездесуді сұрадым. Ол кісі хатымды оқып, ыстық лебізін білдіріпті. Өте қуаныштымын. Ал сыйлығын сабағыма қолданамын. Еліме пайдалы азамат болғым келеді. Сондықтан сапалы  білім алуға барымды саламын. Өзімнің достарымды босағамыздан аттағалы тұрған Жаңа жылмен құттықтаймын, – деді Роман Дмитриев.

Салтанатты іс-шарада барлық балаларға сыйлықтар мен тәттілер үлестірілді. Мерекелік кеш ертегі кейіпкерлердің қойылымымен және әсем әуенмен жалғасын тапты.

Еске салайық, 2015 жылы құрылған мекемеде қазір 48 бала мемлекет қамқорлығына алынып, тәрбиеленуде.

Ақтан  КӨКЕН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<