Балаларға рухани базарлық

3829

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында балаларға арналған қойылымдардың премьералары басталды.

Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» қойылымы кеше жас көрерменге ұсынылды. Онда ұшқыш шөл далада апатқа ұшырап, кішкентай ханзаданы кездестіреді. Ол кім? Жұмбақ… Ол шынымен басқа планетадан келді ме? Оның әңгімесі аңғал, бірақ әсерлі болып көрінеді. Кішкентай ханзадада ересек адамдарда бола бермейтін даналық бар. Өйткені, барлық ересектер алғашында бала болған, бірақ олардың көбі оны есіне ала қоймайды.

Спектакльдің режиссері М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері Бекпулат Парманов. Суретшісі Әсия Құрманәлі. Композиторы Еміл Әмір. Орыс тілінен аударған Ұлбосын Қылышбаева.

Сонымен қатар, 25 желтоқсан күні И.Миччидің «Арыстан патша» балалар қойылымының премьерасы өтеді. Африканы мекендеген арыстандар прайдында, Муфаса мен Сарабидің Симба атты ұлы дүниеге келеді, Муфаса прайдтың патшасы ретінде Симбаны өзінің мұрагері етеді. Прайд мекендеушілерінің қуанышына қарамастан, Муфасаның туған інісі Шрам бұған қапалы болып, іштарлығы мен арам пиғылын дереу іске асырмақшы болады. Муфасаны тақтан құлатып, Симбаны мәңгілікке прайдттан қуып жіберуге тырысқан ол ақыр аяғы тақты өз қолына алады. Билікке деген құштарлық, өзара келіспеушілік, сатқындық пен достық, махаббат, әсем әннің әуезімен «Арыстан патша» қойылымында өрбиді.

Спектакльдің режиссері Санат Жүзбай, режиссердің ассистенті Әзидолла Әзімтай. Аударған Саламат Өтешов. Суретшісі Нұрахат Иманғалиев. Музыкасын жазған Нұрсұлтан Төреәлі. Костюм дизайнері Камила Дауылбаева.

Алдағы жаңа маусымда театр ұжымын жаңа қойылымдар сахналау, жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары күтіп тұр.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<