Балаңызға абай болыңыз!

23

0

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қала маңындағы өзен-көлдерге рейдтік жұмыстар жүргізді. Елімізде 25 шілде – дүниежүзілік адамдардың суға батуының алдын алу күні қарсаңында «Балаларды суда қорғаңыздар» акциясы басталды. Акцияның мақсаты – кәмелетке толмаған азаматтардың жазатайым оқиғалары мен қаза болуына жол бермеу.

Жаз айында жазатайым суға кеткендер неге көп? Балалар бақылаусыз қалды ма? Мәселенің мәнісін облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Жандос Жүгінісов тарқатып айтып берді.      

– Қазіргі кезде облысымызда Сырдария өзені мен басқа да су айдындарында адамдардың суға батып кету фактісі көп болып отыр. Жыл басталғалы облыс аумағында әртүрлі жағдайлар мен оқыс оқиға салдарынан 16 адам қаза болды, оның 10-ы – бала. Негізгі себептері – тыйым салынған жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, өз күштерін асыра бағалау және жүзе алмау. Сондай-ақ құтқарушылар көмегімен 3 жеткіншек аман қалды. Судағы қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Сондықтан да төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік және рейдтік жұмыстар ұйымдастыруда. Облыс тұрғындарынан сұрайтынымыз, суға түсу ережелерін қатаң сақтау қажет. Ішімдік ішіп, суға түсуге немесе балаларды қараусыз қалдыруға мүлдем болмайды. Суға түсуге рұқсат етілген арнайы жағажайларда шомылуларын сұраймыз. Бүгінге дейін рейд барысында 412-бап бойынша 34 хаттама толтырылды. Өкінішке орай, алдыңғы жылмен салыстырғанда, жасөспірімдердің қаза болу дерегі көбейген. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Ата-аналардан сұрайтынымыз, балаларды беймезгіл қараусыз қалдырмаңыздар. Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған жағдайда ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексімен шара көріледі, – дейді ол.

Көзбен көріп,

көңілге тоқыдық

Біз рейд барысында алдымен «Бәйтерек» шағын ауданы тұсындағы ел аузында «қой көпір»  аталып кеткен өзен өткеліне бардық. Мұнда төтенше жағдай қызметкерлері балаларды дария жағасына суға жібермеу үшін күзетіп тұрғанын жеткізді. Олардың айтуынша, мекеме қызметкерлері қала аумағындағы су айдындарына бөлініп бекітілген.

«Сталин каналының» бойында бірнеше заң бұзушылық анықталып, хаттама толтырылды. Алдымен жас шамасы 50-60-тағы үш ер адам алкоголь ішімдік ішіп, масаң күйде суға түсу дерегі анықталды. Одан соң туысқан ағасымен белгіленбеген жерге суға түскен 14 жасар жеткіншекке түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Балаларға бақылау болмаса…

– Жыл басынан бері кәмелетке толмаған балалар арасында абайсызда үй ауласындағы арықтарға тұншығып қалу дерегі бойынша 10 оқиға тіркелді. Жалпы осы оқиғаларды зерделеп, талдау барысында олардың қауіпсіздік шараларын сақтамағаны анықталған. Балалардың қайтыс болу дерегінің басты себебі – ата-аналарының қарауынсыз жүргені. Осы айда тіркелген дерек – бір жасөспірім өз ауласындағы бассейнге суға түсу барысында тұншығып қалған. Бір айта кетерлігі, қаншама ақпарат таратылып, түсіндірмелер жүргізілгенімен ата-аналар тарапынан тиісті деңгейде бақылау жоқ. Баланың қауіпсіздігіне ең алдымен отбасы жауапты. Сол себепті мұқият болуға шақырамыз, – дейді жергілікті полиция қызмет басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы Раушан Әбдіразақова.

Су айдындарына мұндай рейд жұмыстары жиі өткізіліп тұрады. Дегенмен әр адам өзін де, балаларын да қайғылы оқиғалардан, қауіп-қатерлерден алдымен өзі сақтандыруы тиіс. «Сақтықта қорлық жоқ» деген осы.

Рейдтік іс-шараға БАҚ өкілдерімен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің офицерлері, жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары, волонтёрлер қатысты.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<