Балалардың асыға күтетін мерекелерінің бірі – Жаңа жыл мерекесі. Соған сәйкес жыл сайын Қазалы ауданы әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бүгін жылдағы үрдіс бойынша балғындарды қуанышқа кенелтетін “Нұр себеле, Жаңа жыл!” атты аудан әкімінің шыршасы өтті. 150-ге жуық балақай қатысқан мерекелік шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, өзінің жылы лебізін жеткізді.
– Ескі жыл еліміз үшін мерейлі белестер жылы болды. Барлық салада да өсіп, өркендеу бар. Сіздердің барлықтарыңыздың биыл жақсы нәтиже көрсеткендеріңізді білемін. Мен бұл үшін өте қатты қуаныштымын.Жаңа жылды қарсы алу – жаңа армандармен қауышу. Сондықтан келер жылы алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, ата-аналарыңызды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар.Баршаңызға жаңа ұлу жылында бақыт, денсаулық, үздік оқу тілеймін. Жаңа шындардан көрініп, ауданымыздың даңқын көтере беріңіздер, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң жаңа жылдың кейіпкерлері аяз ата мен ақшақарды қарсы алған құлыншақтар ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салып, аяз атаның сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ, жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлерінің ғажайыпқа толы қойылымдарын тамашалап, ерекше күйге бөленді. Жаңа жылдық мерекеде балақайларға аудан әкімінің сыйлықтары үйлестіріліп, арнайы жасалған тәтті торт сыйға тартылды. Шара соңында бөбектер жайылған дастарханнан дәм татып, қуанышқа кенелді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<