Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылындағы «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында «Ұлттық құндылықтар негізінде балаларды еңбекке баулу» жобасы қолға алынды.
Балаларға ұлттық құндылықтар туралы мағлұматтар беріп, рухани, адамгершілік қасиеттерін дамытып, еңбекке баулуды көздейтін жобаның жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше. Ұлтымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қалпын сақтайтын, өткенін сыйлайтын, құрмет тұтатын, еңбекке бейім бала балабақшада қалыптасады. Сондықтан жас өскіннің өсіп, өркен жаюына осындай жобалар керек.
Сырдария аудандық білім бөлімінің маманы Ләззат Мығымбаева жаңа бастаманы қолға алған балабақша ұжымына сәттілік тілеп, «Сыр жұлдызы» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлден Сапарбекова лента қию рәсімін жасады. Әдіскер Ләйла Ахметова жобаны таныстырды.
Тәрбиешілер Гүлзира Алматова, Ақжан Байниязова, Ұлмекен Қайбылдаева ұлттық аспаптар мен ұлттық билерді насихаттай отырып, шағын музыкалық бағдарлама көрсетті, «Ұлттық әшекейлер: «Білезік», «Киіз үйді құрастыру» тақырыптарында оқу іс-әрекетін өтті. Бүлдіршіндер ойын түріндегі сабаққа белсене қатысып, көріністер қойды.
Балабақша меңгерушісі Мирамкүл Мыңжасарова іс-шараны қорытындылап, қонақтарға алғысын айтты.
Жас ұрпақты елжанды, ұлтын ұлықтайтын азамат етіп тәрбиелеуде ана тілінің нәрімен сусындату, салт-дәстүрдің озық үлгілерін үйрету өте маңызды. Құндылықтарды балабақшадан бастап, мектепте, барлық оқу орындарында насихаттағанда саналы, тәрбиелі, білімді жастардың қатары арта түспек.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<