Балл мен бақ: енді қандай мүмкіндіктер бар?

1326

0

Сурет ашық дереккөзден

Биыл білім грантының тізімі әдеттегіден ерте жарияланды. Әлеуметтік желіде талапкерлер өзінің аты-жөнін тізімнен көріп,  отбасымен бірге қуанған сәттерін бөлісіп жатты. Енді бірі көз жасына ерік беріп, ішкі көңіл-күйін де жасырмады. Бұлар конкурсқа қатысқан 104 мыңнан астам талапкер ішінен суырылып, білім грантын иеленгендер еді.  Биыл конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп болғандықтан, бәсекелестік те жоғары болған.

Өкінішке қарай, жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам адам грант ала алмаған, оның ішінде 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандық бойынша екенін айту қажет. Мысалы, денешынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 түлек таласса, сән және дизайн бойынша 9, ал стоматологияға 1 орынға 35 адамнан келген. Сонымен бірге кейінгі кезде педагогикалық мамандықтарға деген сұраныс артуда. Мұны әрине, мұғалім мәртебесінің заңмен бекітіліп, қоғамда лайықты орын тапқанымен түсіндіруге болады. Педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс артқан. Жалпы, 50 оқу орнында педагогтер даярланады. Оның ішінде 5 мамандандырылған педагогикалық университет бар.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің мәліметінше, 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыста 112 мың грант қамтылған. Оның ішінде бакалавриат 79 мыңға жуық, магистратураға 13 мыңға тарта, докторантура 1 900-дан астам грант бөлінген. Демек, биылғы мектеп бітіруші түлектердің 79 мыңы мемлекеттік грантқа ие болды деген сөз. Ал қалғаны не істемек керек? Оның жолы қандай? Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грантқа іліге алмай қалған талапкерлерге «Telegram» каналы арқылы үндеу жасады.

–       Соңғы уақытта елімізде орын алған су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты, біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық – деп жазды министр.

Ол  ата-аналар мен балалардың қуаныш жасын көріп, бірге қуанғанын айтты. Грант алу мүмкіндігі әлі де барын назарға салды. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алған. Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланған. Оның сөзіне қарағанда, 3 мыңға дейін талапкер гранттан бас тартуы мүмкін. Ол келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдік гранттары бар. KazEnergy қауымдастығының, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасының 500 грантын, жұмыс берушілер мен Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің 800 мақсатты грантын қосуға болады. Қазақстан халқына қоры 850 грант бөлсе, Тұран-Астана университеті «Алтын белгі» иегерлеріне грант бөлуде. Министр грант ала алмағандарға осы мүмкіндікті барынша пайдалануға шақырды.

Тағы бір айта кетерлігі, елімізде жыл сайын мерзімді әскери қызметті атқарып келген 3 мың адам жоғары оқуға тегін түседі. Ол үшін арнайы комиссия да құрылған. Ал байқауға қатысатын сарбаздар бәрін онлайн режимде көре алады.

Осы жылдың күзінен бастап мерзімді әскери қызмет кезеңінде көзге түскен жастар тегін білім алуға мемлекеттік грант алып қана қоймай, шәкіртақы да алады. Бұдан бөлек, бірінші оқу жылы ішінде жоғары оқу орындарының жатақханасынан міндетті түрде орын бөлінеді. Биыл Қарулы күштер, ұлттық ұлан мен  Төтенше жағдайлар министрлігінің қатарында қызмет еткен 16 630 сарбаздың 10 268-і жеңілдікпен жоғары білім алуға шешім қабылдаған. Былтыр көктемде әскерге шақырылған сарбаздар тегін оқуға түссе, биыл күзгі шақырылымның сарбаздары арасында 1,5 мың орын таратылады. Бүгінде қорғаныс министрлігінің бастамасымен «Срочники 2.0» цифрлық платформасы әзірленді. Сол жерде сарбаздардың жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлығына баға қойылады. Осылайша, іріктеу ашық жүргізіледі. Ал тегін орындар әрбір сарбаздың бағасына қарай автоматты түрде таратылады.

Мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмаған өңірдің түлектеріне жыл сайын облыс әкімінің гранты бөлінеді. Мәселен, 2013-2024 жылдар аралығында 1425 студент облыс әкімінің грантын иеленіп, оның 979-ы оқуды бітірген. Олардың 450-і жұмыспен қамтылып, 91-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевтың айтуынша, биыл 102 студент оқуды аяқтап, диплом алған.

–    Оларды жұмыспен қамту мақсатында «жұмыс іздеуші» ретінде тіркеуге алып, жастар тәжірбиесі, «Ұрпақтар сабақтастығы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша жұмыспен қамту шаралары жүргізілуде. Облыс әкімінің қолдауымен 100 студентке облыстық бюджеттен 99,3 млн теңге қаражат бөлініп, аудан, қала бюджеттеріне енгізілді, – деді басқарма басшысы.

Алдағы жылдарға жасалған облыстың еңбек ресурстарының балансына сәйкес мамандар тапшылығын және алдағы уақытта өңірде жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобалардың іске қосылатынын ескере келе бірнеше мамандықтарға грант бөлінген. Атап айтар болсақ, медициналық мамандықтарға 15, су ресурстарын басқару, экология және табиғатты пайдалануға  6, құрылыс және тау-кен ісіне  6, агрономияға  6, инженерлік мамандықтарға  14, өнер саласына  15, мал шаруашылығына 13, азық-түлік өнімдерін өндіру және көлікті пайдалану технологияларына  23, дінтану мамандықтарына 2 грант даярлау жоспарланған. Бір ерекшелігі, биыл өңірге педагогикалық мамандықтарға грант бөлінбеген. Өйткені, облыста мұғалімдер саны 5 мыңға артық.

Облыс әкімінің грантына халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарынан шыққан талапкерлер үміткер бола алады. Бұл санаттар үшін жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген 130221 теңге мөлшерінен аспауы тиіс. Ал аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға бір еселенген, яғни 43407 теңге мөлшерінен аспау қажет.

Үміткерлерден құжаттарды қабылдау аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде 6-15  тамыз аралығында жүргізіледі.  Грантты тағайындау аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен қабылданады. Үміткерлердің отбасындағы кірістерінен бөлек, ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі мен отбасылық жағдайына басымдық беріледі.  Оның ішінде осал топтағы жетім, интернат үйінің балалары, мүгедектігі барлар, ата-анасының мүгедектігі бары, асыраушысынан айырылғандарға мүмкіндік көп.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<