Қаратаудың етегіндегі «Еңбекші» ауылының адамдары Рамазан Жұмағалиді балуан бала деп таниды. Шиелі ауданындағы жергілікті спорт кешенінде қазақ күресінен тәлім алып жүрген жас өрен қазірдің өзінде облыстық және аудандық сайыста жеңіс тұғырынан көрініп үлгерді.
Ауылда бапкерлік қызметпен айналысатын Мағжан Сейітхан әрбір шәкіртінің биікке өрлеуіне күш салып келеді. 2013 жылы дүниеге келген Рамазан – осындай шәкіртінің бірі. Жас өрен қазақ күресі үйірмесінің есігін ашқан күннен өзінің ерекше қабілеті, шеберлігі және шымырлығымен көзге түсіп жүр.
– Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан қазақ күресі әбжілдікті, ширақ қимылдауды, жылдамдықты қажет етеді. Бозкілем үстіндегі белдесуде босаңсуға болмайды. Алдына үлкен мақсат қойған балуан қарсыласын қапы қалдырады. Он бір жастан асқан Рамазаннан осындай көп қасиетті байқаймын. Көптеген сайыста оның жеңіс тұғырынан көрінуі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Қазірге дейін ол оннан астам жарыста үздік атанды. Алдағы уақытта шәкіртімнің жеңісті жолы жалғасатынына үлкен сеніммен қараймын, – деді Мағжан бізбен әңгімесінде.
Былтыр Рамазан Астана қаласында өткен «Бала Мұқан» республикалық турнирінде қарсылас шақ келтірген жоқ. Сондай-ақ Алматыда өткен «Бала барыс» турнирінде де чемпион атанды. Оған қоса облыстық ашық турнирде, қалалық және аудандық біріншілікте алтын медальға ие болды.
– Қазір облыстың көптеген ауылында спорт кешендері бой көтеріп жатыр. Бұл елді мекендерде сергектікті серік еткен жас өрендердің шеберлігін шыңдауға мол мүмкіндігін туғызып отыр. Ел ішінде талай талантты бала бар. Олардың өз қабілетін көрсетуіне жол ашқанымыз қуантады. Мен Рамазанды да сондай шәкіртімнің бірі ретінде санаймын. Ол әрдайым алға ұмтылғанды қалайды. Жарыста өзін жақсы сезіне алады. Бұл – әрбір спортшыға керек қасиеттің бірі, – деді Мағжан шәкірті жайында.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<