Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелері

598

0

Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров айтты.

– Жыл басынан бері өңіріміздегі су айдындарына 2307 рейд жүргізілді. Сондай-ақ, балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп заңсыз балық аулау бойынша 419 дерек анықталып, нәтижесінде 4 млн 385 мың 200 теңге айыппұл өндірілді. Облыс аумағында тыйым салынған 63 қауіпті аймақтың тізімі бекітіліп, ескерту тақтайшалар мен билбордтар орнатылды. Тұрғындар балық аулау кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығармағаны абзал. Өйткені, оқыстан болған әрбір әрекет қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. Жалпы, биыл құтқарушылар 3 адамның өмірін сақтап қалды, – деді ол.

Брифинг барысында облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов балық, аң аулау маусымында азаматтардың қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіріп берді.

– Қауіпсіздік қай кезде де басты қағида болуы тиіс. Түнгі мезгілде балық аулауға немес аңшылыққа тыйым салынады. Мұз астынан балық аулағанда екі шұңқырдан артық тесуге, от жағуға болмайды. Өзімен бірге дәрі-дәрмек қобдишасы, қолшам, жергілікті жердің картасы болуы тиіс. Сонымен қатар қайықтың жарамдылығын және құрал-жабдықтардың дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу керек. Мұздың жұқа және қатпаған жерлеріне шығуға, мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға жол берілмейді, – деді басқарма бастығы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<