Балық – байлық көзі

652

0

Елімізде шілде айының екінші жексенбісі – Балық шаруашылығы қызметкерлері күні. Айтулы дата 2017 жылғы 31 қазандағы Үкімет қаулысымен бекітілген. Содан бері сала мамандары мереке мезетінде құрметтеліп, марапат биігінен көрініп жүр.

Балық шаруашылығы – Сыр өңірі халқының атакәсібі. Әсіресе, теңізді өлкенің тұрғындары үшін балық шаруашылығының тарихы мен танымы бөлек. Сондықтан кейінгі жылдары саланы дамытуға ерекше мән берілуде.

Арал өңірі үшін өмірлік маңызы бар «САРАТС» жобасы жүзеге асырылып, облыста балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалды. Аймақтағы балық шаруашылығының өзегі – Кіші Арал теңізінде бүгінде балықтың 19 түрі мекендейді. Өткен жылы мұнда 7,7 мың тонна балық ауланып, 4534 тонна өнім өңделген. Нақты кезеңде аймақта жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыты балықты қатыру, мұздату, ыстау сияқты жұмыстармен айналысады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Арал теңізі өнімдерін шетелге экспорттауға мүмкіндік туды.

Айта кетерлігі, «Арал балық өңдеу зауыты» мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісін алған.

Жалпы Сыр елінде балық шаруашылығы мамандарына құрмет ерекше. Оған тарихи оқиғалар мен сала қызметкерлерінің ерен еңбегі себеп болса керек. 

Биыл Арал ауданында «Балықшылар монументі» ашылып, «Балықшылар аллеясы» қайта жаңғыртудан өтті. Бұл – адал кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған балықшы қауымының еңбегіне берілген баға.

«СБ» ақпарат