Өңірлік су айдындарында балық қорын молайту әркез өзекті мәселе болып саналады. Осы орайда балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленген. Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін аймақта 16 мың тонна тауарлы балық өсіру жолға қойылған. Атқарылған жұмыстар бүгінде оң нәтиже беруде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров айтты.
– Облыс бойынша 2030 жылға дейін жылына 12950 тонна балық шығаратын 16 шарбақтық шаруашылық, 1200 тонна тауарлы балық өсіретін 12 тоғандық шаруашылық құру және 1450 тонна балық өсіретін 55 көл-тауарлы су айдынын ұйымдастыру қарастырылған, – деді ол.
Өңірде кәсіпкерлер тарапынан тауарлы балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық артып келеді. Мәселен, Сырдария мен Жаңақорған ауданында орналасқан «Сұлтан» және «Мұратбек» шаруашылығының жұмысы толығымен іске қосылып, тоғандарда сазан, амур, дөңмаңдай және африкалық жайын балықтарын өсіруде. Бағдарлама аясында балық жемін субсидиялауға 8,4 млн теңге қаралған.
– Былтыр аква өсіру бағытында Жаңақорған ауданындағы «Ислам» шаруашылығы 8,4 млн теңге субсидия алып, бүгінде қаржыны толықтай игеріп, жұмыс істеп жатыр. Аталған бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды тиімді пайдалануда, – дейді Ж.Сапаров.
Айта кету қажет, бағдарламадан тыс 15 су айдыны кәсіпшіліктен көл тауарлыға ауыстырылды. Тауарлы су айдыны 70-ке жетті. Сондай-ақ, 2022 жылы 409 тонна тауарлы балық өсіру жоспарланған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 448 тоннаға жуық балық ауланып, көрсеткіш деңгейі жоғары болды.
Ал заңсыз балық аулау, судағы тіршілік иелерін қорғау мақсатындағы жұмыс жалғасын табуда. Деректерге сүйенсек былтырғы жылдың қорытындысымен 8 млн-нан астам балық шабағын құтқару жұмыстары жүргізілген. «Уылдырық шашу» балықты қорғау акциясы аясында 214 заң бұзушылық, оның ішінде 5 қылмыстық іс анықталған. Бекітілген бағдарламаға сәйкес былтыр атқарылған жұмыстар биыл да жалғасын тауып, балық өсіру және оларды қорғауда нақты жоспар бекітілмек.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»





