«Балықшылар слеті» күзде болады

837

0

Әлеумет арасында жиі қойылатын сауалдардың бірі – «Балықшылар слеті».

Алғашында балықшылар слеті шілде айына жоспарланып, ұсыныстар мен дайындық жұмыстары жүргізілген еді. Алайда слет күз айына белгіленіп, «Балықшылар аллеясында» өткізу жоспарлануда.

Нақты кезеңде, ауданда 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Олардың қуаттылығы 23900 тоннадан асады. Биыл тауарлы балық шаруашылығын дамыту мақсатында 3 тоған шаруашылығы іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобалар жүзеге асса, ішкі нарық толықтай балық өнімдерімен қамтамасыз етілмек.

Кеңейген жолға кемдік жараспайды

Аудан орталығы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мердігер мекеме автомобиль жолдарын кеңейту үшін тиісті жұмыстарды қолға алған. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап екі аралықтағы жолды жөндеп жатқан мердігер мекеменің жауапты қызметкерлерімен кездесті. Аудан басшысы жұмыс қарқынын күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына екі аралықтағы жолды кеңейту жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.

Дәстүрлі акция

Ауданда «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды. «Балалар жылында» бұл акция «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен өткізіледі. Акция

30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде көмек көрсетіліп келеді. Биыл да жылдағы дәстүр жалғасады. Акция барысында мектеп жасындағы балаларды білім ұйымдарында оқумен қамту, әсіресе күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Жеке мәселелерімен қабылдады

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауда 5 тұрғынның мәселесі тыңдалды. Онда азаматтардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, тұрғын үй, әлеуметтік көмек көрсету сынды өтініштерін жеткізді. Аудан әкімі заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Бірқатар мәселелерге байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Айта кету керек, осы уақытқа дейін аудан басшысы 9 жеке қабылдау өткізіп, 50-ге жуық азаматтың мәселесін саралады.

Батырлар ауылындағы кездесу

Нағи Ілиясов ауылында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов пен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев шаруашылық төрағаларымен кездесті. Кездесу барысында егін шаруашылығы мен күзгі егін жинау науқанына дайындық барысы талқыланды.

Биыл ауданда барлығы 33,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл – күріштің көлемі – 20728 гектар. Сонымен қатар, 210 гектар бақшалық жер дайындалып, 840 адам 90 гектарға картоп, 20 гектарға көкөніс, 100 гектарға бақша дақылдарын еккен.

Сырбойылық өрендердің жеңісі

Қырғызстанда халықаралық «Ыстықкөл толқынында» дәстүрлі балалар мен жасөспірімдер байқауы өз мәресіне жетті.

Бұл жолы байқау көркін Сыр елінен барған таланттар кіргізді. Еліміздің мерейін үстем етіп Сезім Қаһарман дипломант, Арсен Шағдат пен Қарақат Базарбай лауреат болса, 13-16 жас аралығында Саят Сарманбек конкурстың барлық номинациясы бойынша Гран-при иегері атанды.

Жаңа саябақ құрылысы жүргізілуде

«Балалар жылы» аясында аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтің бастамасымен, жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен кенттегі Қорасан ата көшесінің бойында үлкен, заманауи үлгідегі саябақтың құрылысы жүргізілуде. Саябақтың ашылуы осы жылдың қазан айына жоспарланған.

Демалыс орнында субұрқақ, түрлі аттракциондар, мәдени іс-шаралар үшін ашық сахна, спорттық алаң, жүгіру және велоалаң, неке қию орны болады. Сондай ақ, саябақ ішіне көгал және саялы, сәнді ағаштар егілмек.

Дайындаған Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<