БАҚ қызметкерлеріне пәтер берілді

357

0

Кеше Астанада БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында еліміздің жетекші мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген журналистер мен басқа да қызметкерлерге пәтер сертификаттары салтанатты түрде табыс етілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Qazaqstan» РТРК» АҚ, «Хабар» агенттігі» АҚ, ҚР Президентінің Телерадиокешені, «Qazcontent» АҚ және «Қазақ газеттері» ЖШС қызметкерлеріне пәтер кілтін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай тапсырды.

Ол әріптестерін мерекемен құттықтай отырып, олардың отандық журналистиканы дамытуға елеулі үлес қосып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлетінін айтты. Сондықтан Президент еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін қолдау жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді.

Сонымен қатар БАҚ қызметкерлерін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «Дара» қорының басшысы Әсел Шілдебаева және «Халық» қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шүнкеев құттықтады.

Пәтер сертификатына ие болған БАҚ саласының 65 қызметкері елордада жаңадан бой көтерген зәулім үйлердің біріне жуырда қоныстанады.

Масс-медиа мамандарының айрықша еңбегін айшықтайтын шара «Дара» президенттік бастамалар қорының және «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен ұйымдастырылды.

2022 жылы құрылған «Дара» президенттік бастамалар қорының қызметі Қазақстанда креативті секторды дамытуға, азаматтардың шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<