Бақ сынауға шақырды

47

0

Биыл аймақта алғаш рет жас ақындар мен жазушылар арасында шығармашылық байқау өткізіледі. Шығарма еркін тақырыпта қабылданады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты.

– Жас ақындар мен жазушылар арасында аймақтық шығармашылық байқау бастау алды. «AMANAT» партиясының мәдениет пен өнерге қолдауы әрдайым ерекше. Жыл сайын ақындар айтысы және «Ұлы дала» шығармашылық байқауы ұйымдастырылады. Биылғы байқау да ел ішіндегі таланттарды тауып, қолдау көрсетуге бағытталған. Партия төрағасы Ерлан Қошанов өткен жылғы «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының марапаттау рәсімінде жергілікті қаламгерлердің қатысуымен еліміздің әр өңірінде шығармашылық байқау өткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Әр талапкер өз шығармасын 19 тамыз бен 31 қазан аралығында ұсына алады, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

 Байқау «Поэзия», «Проза» және «Балаларға арналған шығарма» аталымдары бойынша сарапталады. Әр номинацияға үш орын қарастырылған. Сонымен қатар, Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы арнайы жүлде берілмек. Байқауға 18-45 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Тағы бір атап өтерлігі, шығармалар тек қазақ тілінде қабылданады және бұрын-соңды жарияланған шығарма қабылданбайды. Ұсынылатын жұмыстардың тақырыбына шектеу қойылмайды. Талапкерлер шығармасы «Проза» бойынша 30, «Поэзия» бойынша 10, «Балаларға арналған шығарма» бойынша 20 беттен аспауы қажет. Материалдар бүркеншік атпен партияның аймақтық филиалының kyzylorda@amanatpartiasy.kz электрондық мекен-жайына жолданады. Ұсынылатын шығармалардың электрондық нұсқасы бөлек файлмен (автордың дерегінсіз) жіберіледі.

Байқау үздіктері «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына қатысуға жолдама алады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<